«Бір ауыл – бір өнім» әлеуметтік жобасы – ауылды өркендетуге, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған. Республика бойынша ұлттық экономикалық жобаға 2022 жылы 4 өңір таңдап алынған болатын.
Жоба аясында елді мекендерде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер түрлі бұйымдар жасап, бір ауылдың атымен бренд ретінде ұсынады. Тауарлар ел ішіндегі нарыққа және шетелдерге экспортқа да шығарылады. Осылайша табыс көзіне айналады. 2022 жылы сәтті жүзеге асқаннан кейін 2023 жылдан бастап бұл жоба еліміздің барлық өңірінде қолға алынды.
Жалпы, «Бір ауыл — бір өнім» жобасы алғаш рет Жапонияда ойлап табылған. Өңірлерді дамыту мақсатында әзірленген жоба халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқан. Жоба аясында белгілі бір аймақтың ерекшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын саланы табу, зерттеу көзделген. Сонымен қатар, жергілікті ресурстардан сапалы өнім өндіруді, бизнесті басқару, маркетинг пен өнімді өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, жергілікті және халықаралық нарықтарда өнімді таратуға, жергілікті брендтер шығару және өнімнің құндылығын арттыру тұрғысынан өндірушілердің дағдыларын дамытуға бағытталған. Мақсаты – үй шаруасында отырған аналарға, қыз-келіншектерге жұмыс көзін тауып беру.
Ауылдарда жүн, тері, сүт және тағы басқа таза табиғи өнімдер аяқтың астында жатады. Өйткені сұраныс жоқ. Бүгінде бүкіл әлемде эко материалдарды пайдалану сәнге айналды. Сондықтан да қой, түйе жүнінен жасалатын бұйымдарды жалпы қолданысқа енгізіп, эко киімдер, сөмкелер мен басқа да тұрмысқа қажетті көптеген пайдалы заттарды нарыққа сәйкес жасауды, сатудың жолдарын үйретеді. Қазіргі таңда бұл жоба Қырғыз елінің 163 ауылында үлкен табыспен жүзеге асуда.
Аталған жоба өңірдегі бірегей өнімдерді іздеуге, жергілікті тауарлар мен өнімдерді өндіруді дамытуға ынталандыруға, сонымен қатар, тек жергілікті шикізатты пайдаланатын өндірушілерді біріктіруге негізделген. Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ауылда кооперативтік жүйе құрып, сол арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жергілікті өнімді өткізуге көмектесіп, ауылды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Сондықтан бұл жоба қазіргі кезде ерекше өзекті.
Аталған жобаның тағы бір артықшылығы, оған қатысып, финалист болып танылған жеңімпаз облыстық әкімдіктің жыл сайын ұйымдастыратын қайтарымсыз қаржылай қолдауына (грантына) қатысуға мүмкіндік алады. Бүгінгі күні «Бір ауыл — бір өнім» жобасын ұйымдастырушы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы болып табылады. 2023 жылы 13 шілдеде жерлесіміз Ғалия Рысқалиева Атырау қаласында ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеге қатысып, «Бір ауыл – бір өнім» әлеуметтік жобасының Атырау облысы бойынша финалисі атанып, сертификат иеленді. Ғалия Сайыпқызы малдың жүнінен жасалған бұйымдар, алаша тоқу, киіз басу, киізден бұйымдар жасаудың шебері. Бұған дейін Астана қаласындағы көрмелерге қатысып, марапатталды. Алға қарай республикалық байқауға қатысқалы отыр.
Сондықтан аудан тұрғындарына айтарымыз, сіздер де ауылдық жердегі шикізаттан дайындап жүрген бұйымдарыңыз немесе тамақ өнімдері болып, алайда оны нарыққа шығара алмай тек күнделікті тұрмыста қолданып жүрген болсаңыздар бізге хабарласыңыздар. Жоба аясында өнім өткізіп, пайда тапқысы келетін тұрғындарға Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының Құрманғазы аудандық филиалы қол ұшын беруге әзір.
Н.Дарелов,
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының
Құрманғазы аудандық филиалының директоры