Құрманғазылық жас мемлекеттік қызметшілер теологпен кездесті

(0 Votes)

Бүгінгі қоғамда дәстүрлі және діни жат ағымдардың ара-жігін ажырата білудің маңызы аса жоғары. Діни сауаты болмаған адам адасуы әбден мүмкін.

Осыған орай, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданымызға жаңадан келген теолог Нұрбол Хаван ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен бірге жас мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, діни ағым идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында түсінік жұмыстарын жүргізді.

Жиынның мақсаты – жас мамандардың діни сауаттылығын арттыру, теріс діни ағымдардың жетегінде кетуден сақтануды, сонымен қатар ислам діні мен дәстүрдің тығыз байланысты екендігін ұғындыру, еліміздің дінге қатысты ұстанымдарын түсіндіру. Кездесу барысында теолог маман Нұрбол Хаван:

-Шариғаттың заңы заманға байланысты өзгеріп отырады. Өкінішке қарай, бүгінде әсіресе жастар арасында араб елдеріне еліктеушілік пайда болуда. Яғни, қаракөз қыздарымыз толықтай қара жамылып, ұлдарымыз сақалын өсіріп, балағын тобықтан шолтитып тастайды. Бір сөзбен айтқанда, ислам дінін жиіркенішті етіп көрсететіндерідің бар екені жасырын емес. Қазақтың дәстүрлі жүйесінен безінеді, имамдардың айтқанын теріске шығарады. Ата-анасына қарсы шығып, балағат сөздер айтады. Шынайы мұсылман болу дегеніміз – дінді, салт-дәстүрді, ата-анаға деген махаббатты қатар алып жүру. Діни сауаттылық, мәдениетке баулу бала кезден басталуы керек. Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің басты себебі – діни білімсіздік.  Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Сондықтан олардың алдау мен арбауға түсіп қалмасы үшін, діни сауаттарын арттыру бағытында осындай шаралар өткізіліп тұруы тиіс. Бұған сіз бен біз болып құзырлы органдарымен бірігіп атсалысуымыз керек – дей келе, жас мемлекеттік қызметшілерге рухани құндылықтарға баса назар аудару керектігін, қарапайым халыққа дін саласына қатысты қандай да бір ақпаратты  дін саласында оқыған білікті мамандардан сұрауды ескерту қажеттігін айтып өтті.

Кездесу барысында дннің шығу тарихы,өскелең ұрпақ арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу,олардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру тақырыбында сөз қозғалды. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Аян Жексенбай баяндамасын оқыды. Аудандық ішкі саясат мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі сектор меңгерушісі Мерей Әжігереев жиынды қорытындылап,  жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі екендігін, ал олардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше болатынын айтып, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері теологпен бірге ауылдық округтерді аралап, жоспарлы жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

                                    Айнагүл Күнұзаққызы 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521