Құрманғазылық жас ғалым үздік оқытушы

(0 Votes)

Адамзат тарихындағы барлық табыстарға білім мен ғылымның арқасында қол жеткізілді. Онсыз мемлекет те, қоғам да дамымайды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін тұжырым. Қазіргідей елімізде білім мен ғылым саласына баса мән беріліп, жастардың бұл салаға бет бұруына жағдай жасалуы қуантады.

Қазақстанның болашағы – жастардың қолында екенін жиі ауызға алатынымыз рас. Демек, бүгінгі қазақ жастары білім-ғылымға шындап ден қоюы қажет. Қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз ешбір ілгерілеу мүмкін емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде «Қазақстан - ғылыми прогресті анықтайтын алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болуы қажет. Бұл мақсат қиын болып көрінгенімен, оған жетуге ұмтылуы керек. Қазақстанда ғылыми әлеуеті жоғары мектеп пен білікті ғалымдар бар. Мемлекет тарапынан да ғылымға жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қаржыландырудың көлемін ұлғайту және тетіктерін жетілдіру, ғылыми ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғырту, шетелде тағылымдамадан өтетін жас ғалымдардың санының ұлғаюы, докторантураға және ғылыми зерттеулерге бөлінген гранттар саны артып жатыр» деп атап көрсетуі осының айғағы.

Осы ретте көшбасшы оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жас ғалымдарға үлкен қолдау көрсетіп, ғылыми жаңалықтарды жүзеге асыруға демеу болып отырғанын айтпай кетуге болмас. Жыл сайын олардың арасынан үздіктерін анықтап отырады. Өткен 2023 жылдың қорытындысымен жерлесіміз Өтегенов Алмаcбек Ұлыбекұлы «Унивеситеттің үздік оқытушысы» атағын жеңіп алды. Ол 1990 жылғы 5 қаңтарда аудан орталығында дүниеге келген. Өлкеміздегі білімнің қара шаңырағы саналатын Абай атындағы орта мектепте оқыды. Онбір жылдық білім алған соң 2007 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетіне оқуға түсті. Озат оқуымен көзге түскен қабілетті студент университет қабырғасында жүріп-ақ осындағы тозаңды плазма және плазмалық технологиялар зертханасында, эксперименталды және теориялық физика ғылыми-зерттеу институтында  және ашық түрдегі ұлттық ғылыми нанотехнологиялық зертханасында ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастап, қазіргі уақытқа дейін жұмыс жасап келеді. Ғылыми зерттеуінде плазма және тозаңды плазма физикасы, плазма қолданысы, оның ішінде плазмалық технологиялар, газ разрядының қасиеттерін эксперименттік зерттеу, наноматериалдарды синтездеу бағытын ұстанып, табысқа жету жолында аянбай жұмыстанды.

Еңбек жолында лаборант, инженер, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер сатыларынан өтіп, бүгінгі күндері зертхана директорының орынбасары лауазымында. Өсу жолдарына сай жаратылыстану бакалавры, жаратылыстану ғылымдарының магистрі ғылыми дәрежелерін еншіледі. Академиялық қызметінде плазма физикасы және нанотехнология, компьютерлік физика кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент міндеттерін атқарды. Ғылым саласындағы ізденісті еңбегі ескеріліп, 2013 жылы «Газ қоспасындағы тозаңды плазманың қасиеттерін экспериментте зерттеу» тақырыбындағы дисертациясын сәтті қорғап жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін иемденді. 2020 жылы наноматериалдар және нанотехнологиялар бағыты бойынша PhD докторы атанды.

Атақты ғалым, академик-физик жерлесіміз Тілекқабыл Сәбитұлы Рамазановтың жетекшілігімен университеттегі әріптестерімен бірлесіп «Радиожиілік разрядындағы асыл газдар қоспасының плазмадағы шаң түзілуінің құрылымдық және көліктік қасиеттері», «CCRF-разрядтағы асыл газдар қоспасының кешенді плазмасының электрондық температурасын есептеу»,  «Радиожиілік разрядындағы плазма-шаң құрылымдарындағы газ құрамының рөлі»,  «Жоғары жиілікті газ разрядынан пайда болатын электростатикалық өрістегі буферлік және күрделі плазманың құрылымдық қасиеттері» тақырыбында ғылыми еңбектер жазып, онысы белді рецензияланған журналдарда жарияланып отырылды. Қарапайым оқырманға түсініксіз терминдерге толы бұл еңбектер қазақ физика ғылымын әлемге таныстырған үлкен жаңалық ретінде қабылданды. «Плазма физикасы» мамандығы бойынша Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғылым докторы, мелекеттік сыйлықтың, бірнеше мәрте гранттың және ғылыми степендияның иегері Тілекқабыл ағасынан үйренгені көп. Қазақстанда 2001 жылдан бері профессор Т.Рамазановтың жетекшілігімен тозаңды плазманың қасиеттерін зерттейтін жаңа ғылыми бағыт жақсы дамып келеді. Заттың бесінші күйі болып табылатын плазмалық кристалды алған бірнеше бірегей тәжірибелік құрылғы жұмыс істеуде.  

Жас ғалымның жетістіктері жайлы әлеуметтік желіден оқып-білген қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов редакциямызға хабарласып, қуанышты жаңалығымен бөліскен болатын. «Алмасбек ауданға танымал ұлағатты ұстаздар Тағанқожа ағай мен Қансұлу апайдың ең үлкен немересі. Біздің мақтан тұтатын сыныптасымыз Ұлыбектің үлкен ұлы. Мектебіміздің маңдайалды оқушыларының бірі болған Ұлыбек зерек, алғыр, терең білімді азамат еді. Менің жетпеген жетістігіме ұлдарым жетсе деп, олардың сапалы білім алуларының бар жағдайын жасады. Кенжесі Талуханайбек те тамаша дарынды болып өсті. Бір өкініштісі, Ұлыбек досымыз да, зайыбы Айжан да ұлдары азамат болып қалғанда өмірден озды. Алмасбектің «Үздік оқытушы» конкурсын жеңіп алғанын ауылдағы сыныптасымыз Қадыржан Мұқашев сүйіншілей хабарлады. Қуанып кетіп, ел біле жүрсін деген оймен сіздерге шықтым. Қазақта «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» деген дана сөз бар. Пышақтың қабын қын дейді, ал қылыштыкі қынап. Алмасбекті алмас қылыш десек, ол әрине кшкентай қын түбінде жата алмайды. Бірде болмаса бірде жарып шығатыны белгілі еді. Тек тіл-көзден аман жүріп, ғылым көгінде шамшырақтай жарқырап тұрсын деген тілегім бар.»  

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521