Кәсіпкерліктің құтханасына айналған «Серпер» базары аумағынан жаңа екі қабатты сауда үйі бой көтеріп, тұрғындар игілігіне берілді. Заманауи ғимарат алты ай мерзім ішінде бұрынғы жайыла орналасқан шағын дүңгіршектердің орнына бой көтерді.
Белгілі кәсіпкер Роман Рахимов төрағалық ететін «Серпер Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сауда жасайтындардың, басқа да түрлі қызмет көрсететін сан ондаған кәсіпкерлердің өтініші бойынша сыртқы жұмысы аяқтала қоймаса да ішін жедел бітіріп пайдалануға берді.

Ашылу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов өңірге танымал азамат Сағынжан Рахимов көзі тірісінде кәсіпкерлерге қолайлы орын салуды ойластырып кеткенін, әке арманын жүзеге асырған ұлдары Роман мен Мақсоттың атсалысқандарын айтып өтті. Ауыл ақсақалдары Өмірзақ Қажымғалиұлы, Ұзақбай Сапуанұлы істеріне береке тілеп, ақ баталарын берді. Ағалы-інілі кәсіпкерлердің нағашысы Мұқар Хабиболлаұлы мен анасы Бақыт апай да әке аманатын орындаған ұлдарға риза көңілдерін білдірді. Сауда үйінің есігіне керілген қызыл лентаны қию рәсімін ауданның құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиұлы мен ардақты ұстаз, өнегелі Рахимовтар әулетінің отанасы Бақыт Шаяхметова қиды. Шашу шашылып, жиналғандар жаңа ғимараттың ішін аралап «құтты болсын» айтысып жатты.


Айбек ӘНУАРҰЛЫ

