Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылында орналасқан орталық стадион – жаңғыртудан өткізіліп жатқан нысандардың бірі.
Тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі, жауапты мердігер мекеме «ГрадСтройСервис» ЖШС, жобалаушы мекеме «WESTKAROS» ЖШС, техникалық қадағалаушы мекеме «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС.
Бүгінде құрылыс басында 15 жұмысшы, 3 арнайы техникамен 2 бригада қызмет атқаруда.
Бас мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС директоры Серік Сапарғалиевтің мәліметінше, кешенде екі қабатты ғимараттың жоғары 500 орындық көрерменге арналған трибуна болатын болса, бірінші қабатында спортшылар үшін еркін күрес клубы, гимнастика, бокс, дзюдоға арналған, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, конференц залы, медпункт болады. Ғимараттың ұзындығы 60, ені 20 метрді құрайды.
Қазіргі кезеңде көрерменге арналған орындықтар әкелініп, секцияға арналған бөлмелердің сылақ жұмыстары жүргізілуде.
Жүгіру жолағы бойы толықтай жарықтандырылған.
Трибунада сонымен қатар, арнайы жабық зона, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып пандустар орнатылған. Стадионның кіреберісі жаңартылып, қақпасы сырналып, арнайы торлар ауыстырылған.
Бұдан бөлек, орталық стадионда баскетбол, футбол алаңдары, жүгіру жолағы салынып жатыр. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша инертті материал Ақтөбе облысынан жеткізілуде.
Нысанды толықтай аяқтап, халық игілігіне табыстау осы жылдың аяғы деп жоспарлануда.

