Ауданымызға арнайы жұмыс барысымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Отбасын қолдау орталығы» жобалық офисінің жетекшісі Мырзағали Эльмира Инаятқызы келіп, семинар өткізді.
Мақсаты – FSM Social цифрлық платформасын таныстыру және оны мобильді топ өкілдерінің жұмыс процесіне енгізу жолдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу аясында оқыту семинары ұйымдастырылып, мобильді топ мүшелерімен жедел байланыс орнатудың тиімді жолдары қарастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков төрағалық еткен семинар жұмысына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, ауыл әкімдері, білім беру мекемелерінің мамандары мен медицина қызметкерлері, прокуратура, полиция өкілдері қатысты. Жиын соңында FSM Social платформасын өңірлік деңгейде енгізудің нақты жоспарлары құрылып, қатысушылар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Платформа арқылы отбасыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және әлеуметтік қолдауды қолжетімді ету көзделуде.
Іс-шара барысында аталған платформаның әзірлеушісі Әділет Орашев мобильдік топтың жұмысын үйлестіру және цифрландыру бағытында қолға алынып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Мобильдік топтардың құрамына әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, ішкі істер салаларының мамандары шақырылды. Олар FSM Social жүйесі арқылы нақты жағдайдағы отбасыларымен жеке жұмыс жүргізетін болады.
Құрманғазы ауданы әкімдігі мен аудандық деңгейдегі құрылымдар аталған жобаны өңірде сәтті жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап отыр. Бұл – халыққа қызмет көрсету сапасын түбегейлі арттыруға бағытталған маңызды қадам.