Еліміз үшін маңызы зор мереке Республика күні қарсаңында және Құрманғазы ауданының 95 жылдығы, ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы мерейтойларына орай көптоғайлық бір топ ардагерлер Ресейдің Астрахань облысы Володар ауданындағы Алтынжар ауылында орналасқан ұлы күйші, бабамыз Құрманғазының Сағырбайұлының мәңгі тыныстап жатқан мекенге саяхат жасап, кесенесіне барып зират етті.
Көптоғай ауылдық округ әкімі Бауыржан Нұрланұлының ұйымдастыруымен тағылымы мол саяхат Алтынжардың әдемі бір қыратында бой көтерген ақшаңқан кесенеде мәңгілік тыныстап жатқан ұлы сазгердің рухына дұға бағыштаудан басталды. Бұдан кейін саяхат күллі қазақ үшін тәрбиелік маңызы мен тарихи орны ерекше біртуар күйшінің атындағы мәдени орталыққа ардагерлер атбасын бұрды.
2005 жылдары қазақ музыкантының жерленген жерінде оның есімімен аталатын үлкен халықаралық мәдени орталық пайда болған. Кешен үш бөліктен тұрады, олар дала киіз үйлеріне ұқсайды. Бір ғимаратта 19 ғасырдағы қазақ мәдениеті мен ұлттықтұрмыс мұражайы, екінші ғимаратта Құрманғазыға арналған көрме орналасқан. Ұлт ұлыларды тудырса, ұлылар ұлт мәртебесін көтереді, рухын асқақтатады. Баба басында тұрып, бір сәт қазақтың осы Құрманғазыдай ұлы тұлғаны туғызғанына, бүгінде оның екі елдің ара-қатынасын жақсартуға үлес қосып жатқанына іштей сүйсіндік.
Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталық-Астрахань облысы аумағындағы Ресей-Қазақстан достығының жарқын символы, қазақ мәдениетінің сақтаушысы, Еділ бойы мен Каспий маңы аймағының мәдени мұрасы мен тарихын зерттеу жөніндегі нағыз ғылыми орталық.
Өз кезегінде Көптоғай ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы К.Утепов және Аналар кеңесінің төрайымы А.Ишангалиева бастаған бір топ ардагерлер тағылымы мол саяхатты ұйымдастырған Көптоғай ауылдық округ әкімі аппараты ұжымына Алғыстарын айтып, баталарын берді!