Кіші футбол алаңына зәрулік

(8 Votes)

Туған  топырақ-Нұржауға  ат  басын  тіредік. «Жас  келсе-іскенің» куәсі  көңіл  марқайтады. Ауыл  тазалығы  мені  көр  дегендей.

Орталық  көшемен  өткенде  балалар  ойын  алаңының  маңайындағы  бой  көтерген  жас  шіліктер  сәбидің  алақанындай  жапырақтармен  шашу  шашты. Кеңседен  негізгі  жолға  дейінгі  аралыққа  тас  қабатты жол  төселуде. Бұрын  болмаған  көрініс. Әкім  баламыз  жарықтың  көне  соқаларының  кеңсе  маңына  үйлесіп  тұрмағанына  ренжиді. Бұрқыраған  шаң  көтерсе  де  ауылшілік  тас  жолдар  төселуі  де  айта  қаларлық  шаруа. Мұратыңа  жеткір  Мұрабектің  осыларға  қуанатынын  айтсаңшы! Оның  жүзіндегі  риясыз  сәулеге  біз  де  шомылғандай  әсерге  бөлендік.

Келген  мақсатымыз: «Өренді  өлке-танушылар» клубының  ендігі  шығар  шежіре  кітабына  соғыс  жылдары  табаны  тілініп, қолы  күстеніп  жұмыс  жасаған, ер  азаматтардың  орнында  жүрген  сормаңдай, бірақ  қайраткер  аналарды  іздейміз. Серікбай  ата  сынды  қақпан  құрып, тазылар  ұстап  жоқ-жітік  заманда  бүтіндей  ауылдың  қара  қазанын  қайнатқан  бірегей  аңшыларды  тапқымыз  келеді. Бір  қауым  елдің  ат  косилкасынан  бастап, айыр, күрек, күрешкісіне  дейін  ертеңді  кеш  ыстық  көрікпен  бірге  күйіп  бүтіндеген  Патих  ата  Есенғалиевтей  тағы  кім  бар, бұл  Нұржауда?

«Алдыңда  ағаң  болған  қандай  жақсы!» Осы  шаруаны  ата-анамыздан  бері  қарай  сыйластығымыздың  жемісі  бір  үзілмеген  Ғалым  Айтжанов  ағама  тапсырып  едім, табантозды  болып  ауылды  шарлап, бір  үйдің  есігіне  бірнеше  қайтара  телміріп,  суреттері  және  өмірдеректерімен  біршама  бітіріп  қойыпты. Жүрегім  елжіреп, жанарым  мөлдіреп  кетті... Мың  болғыр, Ғалым  Құрақұлы  аға!!!

Аз-кем  үлкені, азамат  ұрпағы  мейірімімен  шуақтайды. Есен  саулықтан  соң  ішкі  «менін  айтып  қалуға  ынтазар. Атырау-Астарахань  тас  жолының  құрылысын  бастаған  «Сине Мида-Строй» ЖШС мен  ауылшілік  жолдар  үшін  жаралған «Бекет СәтЖол» ЖШС  зауыттарының  түтіндері  ауыл  үстіне  қара  бұлт  үйіріп, қара  шаңмен  бөктіргені  қайбір  жақсылық  дейсің... Бірақ, нұржаулықтар  экологиялық  зардабын  біле  тұра  алдағы  зор  игілігіне  орай  көңілдерін  жұбатады. Заржақтандырған  жол  бітсе  болғаны, әйтеуір.

«Атағы  айбарлы, азуын  айға  білеген  аталған  екі  серіктестік «біздің  шаруамыз  тек  жол  демей» үлкені  болмағанымен  тым  құрыса  кіші  футбол  алаңын  салып  берсе  ғой  деп  қиылады, бір  топ  жастар. «Кіші  футбол  алаңына  көмектессе  ғой» деген  өтінішті  үндерге  құлақ  асар  мүмкін, аталған  екі  серіктестіктің  тізгінін  ұстаған  мырзалар! «Апама  да  барайын, тайлағымды  да  үйретейін» деп  айтылғандай  жол  да  салынсын, зиянын  шегіп  отырған  нұржаулықтардың  да  жоғы  түгелденгені  құба-құп. Көңілдері  жетіп, көбік  сөзге  алдырмаса, шағын  спорт  алаңы  деген  не  тәйірі! Ауыл  жұртына  алақандай  көмек  жасағанға  ешкім  «мұның  не?» дей  қоймас, сірә.

 Таңатар  Дәрелұлы,

жазушы, ҚР-ның  Құрметті  журналисі,

ауданның  Құрметті  азаматы

Сурет ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT