Ауданымыздың шалғай жатқан Азғыр өңірінің тұрғындары хабарласып, Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтерінде киіктер өліп жатқанына, өлкеселерін ешкім жинамайтынына алаңдаушылығын білдірген. Әлеуметтік желіде де осыған байланысты бейнероликтер тарауда.
Соңғы жылдары қыр өңірінде киік көбейіп кеткенінен хабардармыз. Олар ауданымызға, одан Батыс Қазақстан облысына еркін көшіп жүреді. «Жайылымдарымыздың шөбін жеп қояды», деген тұрғындар ренішін де естігенбіз. Бірақ, ешкім тиіспеген. Енді сол дала еркесінің өліміне не себеп? Араларында әлдебір дерт тараған жоқ па? Осыны білмек ниетпен қыр бойындағы округ әкімдеріне шықтық. Лауазым иелері өз тараптарынан ондай жағдай орын алғанын растап, мұның табиғи заңдылық екенін айтып, бұл жөнінде аудан әкімдігі хабардар етілгенін, тиісті шаралар алынып жатқанын, нақты ақпаратты жауапты бөлімдерден білуімізге болатынын жеткізді. Бұған дейін «Телеграмм» әлеуметтік желісіне жүктелген бейнетүсірілімге орай аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков жауап беріп: «Көтеріп отырған мәселеңіз орынды. Қазіргі таңда Азғыр өңірінде, соның ішінде Асан ауылдық округінің аумағында киіктің өлекселері табылып жатыр. Алдымыздағы аптада әкімдікпен бірлесіп, жауапты мекеме арқылы, өлген киіктердің өлескелерін жинап жою жұмыстары ветеринариялық талаптарға сәйкес ұйымдастырылатынын қаперіңізге береміз», деген еді. Осыған орай мән-жайға қанығып, қазір қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білмек ниетпен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінде болдық.
Бізбен әңгімесінде аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Мұфтах: – Орын алып отырған жағдайдан хабардармыз. Елулеп-жүздеп емес, бірлі-жарым киіктер өлуде. Қазір киіктердің шағылысатын уақыты. Шағылысқаннан кейін әлсіздерінің өлетіні табиғи заңдылық. Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев 2024 жылғы 9 желтоқсан күні бекіткен «Жабайы жануарлардың (киіктердің) өлімі анықталған кезде, сондай-ақ олардың өлекселерін жою кезінде 2025-2027 жылдарға арналған ведомствоаралық өзара іс-қимыл жоспары» бар. Соған сәйкес киік өлекселерін анықтау, жинау, ветеринариялық талаптарға сай өртеп-жоюмен Орал қаласындағы «ӨБ Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны айналысады. Бұл мекеме киіктердің көбеюін, өсіп-өнуін, қозғалысын бақылауда ұстайды. Жануардың өлу фактісі анықталған сәттен бастап 48 сағат ішінде немесе белгілі болған кезде осы мекемеге хабарлануы тиіс. Сол бойда келіп, тексеру актісін жасап, құжатта табылған жері мен уақытын, түрін, жас құрамын, өлген жануарлардың саны мен салмағын көрсетеді. Қажет болған жағдайда әрі қарай тексеру үшін Ветеринария бойынша Ұлттық Референттік орталығының мамандары шақырылады. Бекітілген заңдылыққа сәйкес өлген киікке олардың мүйіздері болғандықтан жергілікті билік өкілдерінің, округ әкімдерінің жақындауға құқы жоқ. Жеке шығып жинай алмайды. Жергілікті билік өкілдерінің техника және адам күшімен көмектесуге, бірге ілесіп жүруіне ғана болады.
Біз киік өлгенін естіген бойда «ӨБ Охотзоопром» Батыс өңірлік филиалы республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынына хабар береміз. Олардан жауапты мамандар келіп, жағдаймен танысып, тиісті шараларын алады. Мысалы, былтыр желтоқсан айының соңында 15 адам Азғыр өңіріне келіп, тиісті жұмыстарын атқарды. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Бұл жұмыс тұрақты түрде аудан әкімдігінің қатаң бақылауында. Апта сайын округ әкімдерінен мәлімет алынып отыр, – деді.
Қанат ҒҰМАРОВ