Халық санағы қалай орындалмақ?

(1 Vote)

Биыл күзде  үшінші халық санағы өткізіледі. Ұлттық санақ 2020 жылға жоспарланған еді, алайда пандемияға байланысты бір жылға шегерілді. Осы жылы кезекті халық санағы қалай өткізіледі?

Мұндай кезінде кімдер есепке алынады және алынбайды?  Ұлттық санаққа бюджеттен қанша теңге жұмсалады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын аудандық статистика бөлімінің басшысы Жанар Мукушеваға қойған болатынбыз.

Биылғы жылғы ұлттық санақтың ерекшелігі неде?

-2021 жылғы халық санағының осыған дейін өткізілген санақ науқандарынан елеулі ерекшелігі – интернет желісі арқылы электронды санақ парақтарын толтыру және портативті құрылғылар – планшеттерді пайдалану болып табылады. Сонымен қатар, ақпараттың қайталануын болдырмау мақсатында алғаш рет санақ парағына респонденттердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) енгізу қарастырылған.

Халық санағы неше кезеңнен тұрады?

Биылғы санақ екі кезеңнен тұрады. Дайындық уақытында (маусым айының 1 мен 30 аралығы) интервьюерлер тұрғын үйлер мен тұрғын емес үй-жайлардың, құрылыстардың, сондай-ақ ондағы тұратын тұрғындардың нақты санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді аралап шығады. Оның барысында әрбір тіркеуші өзінің тіркеу учаскесінің шекарасында тұрғындардың тізімін жасап, олардың әрқайсысында тұрақты тұратын халықтың санын нақтылау және картографиялық материалға қажетті өзгерістер енгізуі тиіс. Санақ объектілері бойынша деректерді тіркеуші планшетті пайдалана отырып, электрондық базаға енгізеді. Ол – халық санағының 2-кезеңінің нұсқаушы және есеп учаскелеріне дұрыс бөлу үшін қажет.

Санақтың 1-кезеңінің қорытындылары санақ персоналына түсетін жүктеме нормаларына сәйкес халық санын біркелкі бөлу және тұтастай алғанда халықты есепке алудың толықтығын қамтамасыз ету үшін негіз болады.

Ал, қай пәтерде қанша адам тіркелкендігін қалай білеміз? Жалпы олар туралы ақпараттарды анықтау тәсілдері қарастырылған ба? Тіркеушінің алаяқ болмасына кім кепіл?  
Ұлттық санақты тіркеушіні келесі белгілер арқылы анықтайсыз: тіркеушінің куәлігі (Қазақстан Республикасының Стратегиялық  жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің мөрімен расталған), шарф (жылдың суық мезгілінде) және халық санағының логотипі бар көк түсті портфель. Негізгі кезең қазан айының 1 мен 30 аралығында өтеді. Сонымен қатар,халықтың мәліметтерін жинау екі тәсілмен жүзеге асырылады. Бірінші тәсіл - интернет сауалнамада респонденттер өзіне және отбасы мүшелеріне ғаламтор арқылы sanaq.gov.kz арнайы сайтында санақ парақтарын өз бетінше толтырады. Сонымен бірге сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар. Жүйе тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Оған қоса, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолданып, санаққа қатысуға болады.  Мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі ұсынылады. Қыркүйек айының 1 мен қазанның 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 45 күнінде интернет-сауалнама жүргізіледі. Екінші тәсіл - барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып дәстүрлі аралап шығу. Аралау онлайн режимде санақтан өтпеген тұрғындар арасында жүргізілетін болады. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды.

Биыл ауданымызға әскери қызметін өтеуге жас сарбаздар шақырылып, қызметтерін бастап кетті. Олар тіркеуге алынады ма? Әлде өздерінің тұрғылықты жері бойынша өткізіледі ме? Сонымен қатар, мұндай категорияға қандай адамдар жатады?

Тұрғын үйлердегі тұрғылықты халықпен қатар, халықтың келесідей категориялары да санақтан өткізіледі. Олар:

1) әскери бөлімдер аумақтарында және жабық әкімшілік-аумақтық бірліктерде тұратын әскери қызметшілер (әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін қоса алғанда) және азаматтық халық;

2) бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан және тергеу изоляторларында отырғандар;

3) өзге де институционалдық бірліктерде емдеуде жүргендер;

4) қызметтік іс-сапармен немесе міндеттерін орындауға байланысты елден тыс жерлерде, оқуда және өзге де себептермен жүрген  Қазақстан Республикасының азаматтары (олардың отбасы мүшелерін қоса алғанда);

5) Қазақстан Республикасының аумағында уақытша, 12 айдан кем жүргендер (шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар, тұрақты негізде шетелде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары);

6) әлеуметтік бейімделу немесе қамсыздандыру мекемелерінде тұратын немесе орналасқан адамдар.

Осындай ұйымдарда және шетелде тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарына 2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу мақсатында, 2020 жылы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросымен орталық мемлекеттік және жергілікті атқару органдарымен өзара іс-қимыл туралы бірлескен актілер әзірленіп, бекітілген болатын. Биылғы ұлттық санақ осы актілер негізінде жүзеге асырылатын болады.

Мұндай тексеру жұмыстарына аудан бойынша қанша адам жұмыспен қамтылады?

Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу үшін аудан бойынша 104 адам уақытша жұмысқа тартылатын болады. Ұлттық санақтарға дайындық және өткізу жөніндегі 5 нұсқаушы (уәкілетті тұлға)  ағымдағы жылдың 11 мамырынан бастап 30 қарашаны қоса еңбек келісім-шарты негізінде жұмысқа қабылданды.  Олардың айлық жалақы мөлшері еңбек өтіліне және біліктілік деңгейіне сәйкес, жоғары білімі барлар үшін 79 813 -  94 024 теңге,  ал орта арнаулы білімі барлар үшін 64 435  - 71 637 теңге аралығында белгіленді.

Қазіргі таңда,  ұлттық санақтың  1-кезеңінің нұсқаушы-бақылаушылары мен интервьюерлері жұмысқа алынды. Олардың жалпы саны аудан бойынша 17 адамды құрайды, оның ішінде 2 адам нұсқаушы-бақылаушылар ретінде 25 мамыр – 8 шілде аралығында 1,5 айға (жалақы мөлшері 125 010 теңге ), ал 15 адам интервьюерлер ретінде 1-30 маусым аралығында 1 айға (жалақы мөлшері 83 342 теңге - интервьюердің қызмет ақы мөлшері орташа жүктемеге сәйкес (1200 объект) келтірілген. Нақты жүктемеге сәйкес жалақы аталған сомадан төмен немесе жоғары болуы мүмкін) өтелмелі қызмет көрсету шарты негізінде жұмысқа қабылданған.

Есептеу үшін портативті құралмен қамтылады ма? Жалпы,санақ жұмыстарына бюджеттен қанша теңге бөлінді?

Халық санағының 1-кезеңін өткізу үшін ауданға 20 портативті есептеуіш құрылғы бөлінді (оның 5-і резерв). Атырау облысы бойынша халық санағына биыл республикалық бюджеттен 1-2 кезеңге 168 610 000 мың теңге қаражат бөлінген, соның ішінен 143 461 000 теңгесіне санақ персоналының жалақысы қарастырылған.

Сұхбатыңызға рахмет!

Халық санағының қорытындысы 10 жыл ішіндегі Қазақстан Республикасында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді.

Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін, сонымен қатар білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша оң шешімдерді қабылдауға негіз болады. Жоспар бойынша Ұлттық санағының қорытындысы 2022-2023 жылдарында жарияланады.

Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағы жалпымемлекеттік шара екендігін, оның ауқымдылығы мен маңыздылығын терең түсіне отырып, сапалы және жоғары деңгейде өткізілуіне тұрғындардан да белсенділік күтеміз.

 

Жайдарлым Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521