Кемелденген кеден қызметі

(0 Votes)

1991 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздің кеден органдары құрылды.

Елбасының 1995 жылғы 20 шілдеде қол қойған «Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы» заң күші бар Жарлығы еліміздің экономикалық мүдделерін, егемендігі мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында жарық көрген елеулі құжаттардың бірі болды. Құрманғазы ауданы ХХ ғасырдың 90-шы жылдары елдің шекаралық аймағына айналды. 1993 жылдың ақпанында аудан көлемінде Атырау қаласында орналасқан Батыс аймақтық кеденінің құрамына енетін Теңіз ауданаралық кеден қызметі құрылды. Мекменің кеңсесі Теңіз суландыру жүйесі басқармасының үш бөлмесінде орналасты. Оған басшылық жасауға Теңіз аудандық әкімшілігінің ұсынысы негізінде Батыс аймақтық кеденінің бастығы Өтешов Мұрат Сақтайұлының 1993 жылғы 9 ақпандағы № 31 санды бұйрығымен аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары лауазымында жұмыс жасаған тәжірибелі қызметкер Жолжанов Ерғанат Жолжанұлы тағайындалды. Қызмет ауданаралық болғандықтан, Теңіз, Махамбет, Исатай аудандарын қамтыды. Қызметке 1993 жылдың наурыз айында мекемелер мен кәсіпорындардан олардың басшылары және қоғамдық ұйымдарының ұсынысымен түрлі мамандық иелері жас мөлшеріне, білім деңгейіне және әскери дайындығына қарай іріктеліп алынды. Жұмысқа алғашқы топтың құрамында Мертаев Нұрлан Рахметұлы, Құбашева Айгүл Ермекқызы, Соловьев Николай Николаевич, Тлепбергенов Нұрболат Қыдырсиықұлы, Мұғаев Беркін Ерікұлы, Аманова Ұлмекен Хайдарқызы, Нұрғалиев Есенғали Құмарғалиұлы, Жоламанов Ахат Қайыпұлы, Қайыржанов Ғабиден Қатипұлы, Байдабаев Қайса Исаұлы, Құбаев Мәлік Ғарифоллаұлы, Набиев Замирбек Мусаұлы, Елемесов Айдос Құрышұлы, Көшкінғалиев Шәкір Нұрхатұлы, Ғатауов Нұрлыбек Ибатоллаұлы, барлығы 22 адам қабылданды.

f213224a-892c-4ce6-9741-4d21ee097c20

Махамбет және Исатай аудандары бойынша бас мамандар болып Отаров Жалғас Рысқалиұлы, Мусағалиев Жеткіншек Тұрғалиұлы тағайындалды. Қызметкерлерді жаңа жұмысқа дайындау, олардың бұл саладағы білімін жетілдіру Кеңес Одағының Кеден кодексі, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 16 шы және 19 ақпанда қабылданған № 118 – ші, және № 119 – шы санды «Қазақстан Республикасы территориясындағы экспорттық және импорттық тауарларды квоталау мен лицензиялау туралы», «Тауарларды декларациялау және Қазақстан Республикасының шекарасынан өткізу тәртібі туралы» Қаулылары бойынша жүргізілді. 1993 жылы 15 сәуірде алғаш рет кеден шекарасы – «Котяев» автокөлік өткелінде кезекші ауысымдар арқылы кедендік бақылау орнатылды. Сол күні осы өткелде номері 50 - 47 АСМ Камаз автокөлігімен Республиканың кедендік аумағынан рәсімдеусіз шығарылып бара жатқан құны 6 миллион сом, салмағы 11200 килограмм сары май ұсталды.

1993 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының темір жол арқылы өтетін шекарасында – Акөл поселкесіндегі Ганюшкин темір жол бекетінде кеден бақылауы ұйымдастырылды. 1993 жылы 15 тамызда шекарада кедендік бақылау жасайтын «Жыланды» автокөлік өткелі ашылды. Бұнда да алғашқы күні – ақ ел аумағынан кеден тәртібін бұзу арқылы шығарылмақшы болған 1920 метр мата тоқтатылды. Жаңадан құрылған тың қызметтің аяғынан тік тұрып кетуіне, оның материалдық - техникалық жағдайын көтеруге қатысты көптеген ұйымдастыру жұмыстарын шешуде аудан әкімі Әнес Бисенов, аудандық суландыру жүйесі басқармасының бастығы Зибағат Хатимов, «Сенім» кәсіпорнының директоры Амантай Тәкешов, № 89 жол құрлысы басқармасының бастығы Қуандық Садықов, тігін фабрикасының директоры Ғазиз Ғұмаров, Құрманғазы атындағы кеншадың директоры Сайфеден Жанесов аса сергектік танытып, қолдау көрсетті. 1994 жылы Батыс аймақтық кедені Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Атырау облысы бойынша Кеден басқармасы болып қайта құрылуы негізінде Теңіз ауданаралық Кеден қызметі Ганюшкин кеден бекеті болып өзгертілді. Ал, 1998 жылғы мамыр айынан бастап «Құрманғазы» кеден бекеті болып аталды. 1998 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен нақты ортақ шекарасы – Қиғаш өзенінің Қазақстан жағы бетінде, Құрманғазы ауданының Котяев селосында кеден бекетінің жаңа құрлысы пайдалануға берілді.

11fd8939-7fd3-42f2-9226-8752dddaf3c0

«Құрманғазы» кеден бекеті Қазақстан Республикасының бірінші санды бекеті – халықаралық көп жақты бырыңғай бақылау – өткізу пункті болып саналды. Еліміздің кедендік шекарасындағы бекеттердің орналасу реті осыннан басталды. Бекеттің қызмет аймағы – Құрманғазы ауданының көлемі. Ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен шекарасының 461 шақырымға созылатын Атырау облысының, соның ішінде Құрманғазы ауданының аумағымен өтетін бөлігін кедендік бақылауда ұстады. Бекеттің жаңа даму кезеңінде екі мақсат айқындалып алға қойылды. Біріншісі – Бекеттің толық дербес жұмыс жасауына мүмкіндік беретін база жасақтау, қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру. Екіншісі – Кеден шекарасынан өтушілер үшін неғұрлым қолайлы жағдай қалыптастыру. Қазақстан Республикасы Кеден комитетінің 1998 жылғы 26 қарашадағы П-16 санды бұйрығымен 1999 жылдың қаңтар айында дербес «Ақкөл» теміржол кеден бекеті құрылды. Ол Қазақстан Республикасының кеден шекарасы арқылы теміржол көлік құралдарымен өткізілетін тауарларға кедендік бақылау жүргізді. Штаттық кесте бойынша 36 адам жұмыс атқарды. Бекет арқылы орта есеппен тәулігіне 25 жүк, 5 жолаушылар поездары кедендік бақылаудан және кедендік рәсімдеуден өткізілді. Экспортқа кокс, мырыш, фосфат шикізаты, кальций карбиді, пластикалық тұрбалар, қара металл сынықтары, тыңайтқыш, шикі мұнай мен газ жіберілді.

Республика аумағына тұрмыстық техника, металл тұрбалары, ағаш, құрлыс материалдары, технологиялық жабдықтар мен құрастырушы бөлшектер, ауылшаруашылық машиналары, металлоконструкциялар, авиациялық бензин, тамақ өнімдері әкелінді. Жолаушылар поездарымен жүретін жеке тұлғалар тарапынан жыл сайын құқық бұзушылық пен қылмыстық белгілері бар 133 кеден тәртібін бұзушылық ісітері анықталып, 54 іс сот органдарының қарауына жіберілді, 24 кеден тәртібін бұзушылық бойынша жинақталған материалдар Департаменттің Контрабандаға қарсы күрес басқармасына жолданып, олардан 9 қылмыстық іс және 15 әкімшілік құқық бұзушылық істері көтерілді. Тәуелсіз еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Құрманғазы ауданында тұңғыш рет кеден қызыметін қалыптастырып, оны ілгері дамытуға елеулі үлес қосып, осы салада ұзақ жылдар бойы тер төгіп, абыройлы еңбек еткен, ардақты еңбек ардагерлері Утешов Мұрат, Жолжанов Ерғанат, Утегенов Әмір, Доскараев Ғибратжан, Нұрғалиев Есенғали, Иманов Жандарбек, Набиев Замирбек, Қауменов Болаттың еңбектерін әрқашан құрметпен айта аламыз. Еліміздің экономикалық мүдделерін, егемендігі мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында қазірде, мінсіз қызмет атқарып жүрген кеден қызметкерлерінің еңбектері - әрқашанда зор құрметке лайық. Бүгінгі мереке қарсаңында кеден саласының ардагерлерін, ауданның барлық кеденшілерін Қазақстан Республикасы Кеден органдарының құрылғанына 30 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын ! Ел Тәуелсіздігін баянды ету жолындағы тер төккен еңбектеріңіздің жемісін көріп, толағай табыстарға жете берулеріңізге тілектестік білдіремін.

 

Нұрболат Тлепбергенов,

кеден қызметінің ардагері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT