Қарымды қаламгермен кездесті

(1 Vote)

Қиғаш ауылдық округінде Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Тауман Амандосов атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының  Құрметті азаматы, ондаған кітаптардың авторы, ақын Таңатар Дәрелұлымен кездесу өтті.

Ауылдық клубта ұйымдастырылған, «Туған жер, сендік әнді үзбей келемін» атты салтанатты шараны Қиғаш орта мектебінің директоры Марида Құрманғазиева жүргізіп, қош келдіңін айтты. 

Клуб меңгерушісі Раушан Сәрсенбайқызы округ әкімі Марина Жүнісованың сәлемін жеткізіп:

– Аудан еңбеккерлерін дәріптеуде сіздің үлесіңіз зор. Көрнекті қаламгер ретінде құрмет тұтамыз. Уақытыңызды бөліп, ортамызға келіп жатқаныңызға қуаныштымыз. Жетпіс жасыңызға арналған бұл кешті мектеп, клуб ұжымы болып көктемде өткізуді жоспарлағанбыз, онымен өр суы көп келуіне, төтенше жағдайға байланысты бүгін ғана сәті түсіп отыр, – деп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. 

Қазақстан Жазушылар мен Журналистер одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлы қошеметпен ортаға шақырылып, өмірінен бейнесюжет көрсетілді. Қиғаш ауылдық кітапханасының кітапханашысы Гүлмира Нурушова  шығармашылығы жайлы «Парасат биігіндегі тұлға» тақырыбымен дайындалған кітап көрмесіне слайд арқылы шолу жасады. Мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін  оқыды. 

Келесі кезекте Таңатар Дәрелұлы қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарып: – Мектепте оқып жүргенде аптасына 3 рет шығатын аудандық газетті соғысқа кеткен әкесін сағынған баладай күтетінмін. Себебі, оған өлеңдер, мақалалар жіберемін. Олар әйтеуір бір санына шығады. 40 жылдай журналист, 26 жыл бас редактор болып жұмыс жасадым. Жазу деген адам жүрегінің өшіп қалмайтын шамы. Оны тастап кетуге қимайсың. Қарапайым мақала жазсам да мың ойланып, жүз толғанып жүремін, жүрекке ұялаған нәрсе жарыққа шықпай қоймайды. Өлең жазуға деген қызығушылық төменгі сыныпта басталды. Ауылда жазғыштар көп болды. Бәрінің жолдары бола қойған жоқ. Кейбірі кешегі қиындық  жылдарында қол үзіп кетті. Жақсы жазып кеткендер Амантай Жамалиденов, Рахымжан Отарбаев, Рахмет Иманғалиев, мына Жұмақай Ғұмаров ағамыз және басқалары. Кейде үлкейгеннен кейін де қалам ұстайтындар бар. Осында қатысып отырған Өмірзақ ағамыз кезінде аудан көлеміндегі үлкен шаруашылықтарды басқарды. Абыройсыз болған жоқ, ауданның дамуына, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Зейнеткерлікке шыққаннан соң қаламгерлікке бет бұрып, роман, трилогия жазып шықты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты. Қаламгер болу бұл адамның соған деген бейімдігіне байланысты, – дей келе студенттік шақтары, шетелде болғаны жайлы әсерлі әңгімеледі.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы  Өмірзақ Қажымғалиев: – Таңатардың шығармашылығы жайлы жаңа біраз айтылды. Ол кісінің бүгін ескерілмей, әңгіме болмай қалған тағы бір саласы ол – өлкетану. Ауданда 2018 жылдан бастап «Өренді өлкетанушы» клубы жұмыс жасайды. Сол клубтың бастамасымен ауданымыздың тарихи-танымдық үш томдық энциклопедиясы жарық көрді. Өздеріңізге мәлім, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық – 60, шетелдік – 25 ғалымды тарта отырып Қазақ елінің жеті томдық тарихын дайындап жатыр ғой. Мемлекет басшысы оның бір томы Алтын ордаға арналатынын айтты. Біз өз ауданымыздың үш томдығын дайындадық. Соны әзірлеуге  атсалысқан өлкетанушылар клубының белсенді мүшесі, алқаның хатшысы осы Таңатар Дәрелұлы. Ол кітап арқылы ауданымыздың тарихын өзіміз біліп қоймай, облысқа жеткіздік. Облыстық кітапханада үш кітабымыздың тұсау кесері өтті. Кітаптарда біз Қиғаш ауылының да өткенін, кеткенін, азаматтарын қамтыдық. Бұған дейінгі тарихымыз басқа елдердің, Қытайдың, Ресейдің, Францияның, Түркияның жазбаларынан алынған. Келер ұрпаққа біз із қалдырмасақ ертең соларды оқиды. Шынайы деректерімізді анықтап, өзіміз жазғанды жөн көрдік. Мұны көп адамдардың қолынан келе бермейтін қызмет десек, артық кеткендік емес. Таңатардың бір қыры осы, сол үшін сыйлаймыз. 

Бұл адам басқаға қиянат жасамайды, кез-келгенді аға-іні деп құрметтеп тұрады. Бір адамның бойынан өнердің, жазуға деген құштарлықтың ұшқынын көрсе, үлбіретіп алақанына салып көтереді. Сол ұшқынды  жалынға айналдырады. Көп адамдар өзі көрінгенді ұнатса, бұл  басқаны танытқанды қалап тұрады. Мұндай адамдар аз, некен-саяқ. Мыңнан бірі болар. Соның бірі осы – Таңатар! Жаңа айтылған жазушылар мен журналистердің бәрінің де бойында бір ұшқын барын біліп, соларды өзіне тартып, беделді қаламгерлер етіп шығарды. Еңбекқорлығында сөз жоқ, менің бұл кісі туралы жазған мақаламды оқыған боларсыздар. Онда бір түннің ішінде поэма жазғанын айтқанмын, – деп округ, мектеп басшылығынан Қиғаш ауылдық округінің шежірелік кітабын шығаруды құнттауды өтінді. Алға қарай ауданымыз жайлы шыққан үш томдық кітаптың республикалық орталық кітапханада немесе республикалық музейде тұсау кесері ұйымдастырылғалы отырғанын жеткізді.

Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары,  Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі  Жұмақай Ғұмаров, мемлекеттік қызметтің ардагері Руслан Сәуменов, Қиғаш ауылының тұрғыны Мақсат Түйебаев Таңатар Дәрелұлының сегіз қырлы, бір сырлы жан екеніне, адами қасиеттеріне, тектілігіне тоқталып, шығармашылығың шыңдала берсін деген ізгі тілегін жеткізді.

Шара барысында өнерпаздар Ахат Мұстафин, Талап Сағындықов, Қиғаш орта мектебінің әншілері мен бишілері өнер көрсетті.

Соңында Таңатар Дәрелұлы көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, қиғаш орта мектебінің директорына кітаптарын табыс етті.

Осы шараны ұйымдастырушылар атынан Марида Құрманғазиева да ақынға шапан жауып, сый-сияпатын жасады. 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT