Картоп пен сәбіз бағасы шарықтады

(0 Votes)

Еліміздің бірқатар аймақтарында картоп пен сәбіз бағасы шарықтап кетті. Бір келісінің құны экзотикалық жемістің құнымен бірдей.

Нақтылап айтсақ, екі апта бұрын ғана келісі 220 теңге болған картоптың бағасы 470-500 теңгеге күрт қымбаттады. Күні бүгінге дейін құны 200 теңгеге жетіп көрмеген сәбіздің бағасы 600-650 теңгеден асып жығылған. Бұл баға көрсеткіші ауданымызда ғана емес Атырау қаласында да байқалған. Нағыз көкөніс пен жеміс-жидекке қарық болатын жаз айында баға неге күрт өсіп кетті? Аталмыш сұрақ әбден көкейін тескен тұрғындар атқарушы билікке базыналарын жаудыруда.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Махамбет Досмұхамбетов бағаның реттелуін қадағаланып отырғанын алға тартты. Мәліметінше, қазір Ресей Федерациясының оңтүстік аймақтарынан, көрші облыстарынан картоп әкелу шаралары қабылдануда. Сәбіздің де бағасы төмендейді деп күтілуде, яғни жаңа піскен өнімдер жеткізіледі. Маусым айының соңында-шілде айының басында өз өнімдеріміз де сатылымға шықпақ. Кейбір шаруашылықтармен төмен бағамен жеткізу туралы келісімдер бар. Ол үшін 200 млн теңге айналым қаражаты бөлінді. Біз өзімізді тек 44% картоппен қамтамасыз етеміз, бізде егетін және өзімізді толықтай қамтамасыз ететін жерлер жоқ. Өкінішке орай, табиғи-климаттық жағдайларға, өндіріс мүмкіндіктерінің шектеулі болуына байланысты көптеген өнімдер Атыраудан әкелінеді. Сондықтан, бағалар барлық жерде өскен кезде, оны төмендету қисынсыз, әйтпесе сауда құлдырайды.

Аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовті сөзге тартқанымызда, картоп шектік бағадан 2,5 есе, сәбіз 3 есеге өскенін жеткізді. Айтуынша, аталған өнімдерді жергілікті кәсіпкерлер Атырау қаласынан және Ресей Федерациясының Астрахань қаласынан тасымалдауда, жол және т.б. шығындарға орай бағаны қосуға мәжбүр болып отыр. Алдағы уақытта азық-түлік тауарларының, әсіресе еттің, ұннан жасалатын тағамдардың, жеміс-көкөніс өнімдерінің бағалары мейлінше бақылауда ұсталады.

 

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521