ҚАРАҚҰРТ НЕГЕ ҚАПТАДЫ?

(0 Votes)

Биылғы жаз атыраулықтар үшін сын-қатерге толы болып тұр. Алдымен, көктемде су тасқыны тұрғындарды әбігерге салып, әбден састырды. Енді ауыл-аймақты қарақұрт қаптап жатыр. Соңғысы адамға да, малға да қауіп төндіруде. Бұл ретте, Индер, Исатай және өзіміздің Құрманғазы ауданында да ветеринариялық емдеу іс-шаралары атқарылуда...

Осы орайда, біз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлеповке хабарласып, мән-жайды сұрастырған едік.

«Ауданда ахуал тұрақты. Қарақұрттан қауіп төніп тұрған жоқ. Егер қандайма бір деректер тіркеліп жатса, алдын ала хабарлайтын боламыз» деп қысқа қайырды ол.

Қарақұрт биыл Индер ауданында күшейіп тұр. Біз тілдескен сондағы Барлаушы көшесінің тұрғыны Ақару Ахметованың айтуынша, улы жәндіктен адам да, мал да зардап шегіп отырған көрінеді. Қарақұрттың уы әсіресе, мамыр мен маусым айларында үлкен қауіп төндіреді екен.

«Индер ауданының тұрғыны ретінде айтарым, осымен екі жыл қатарынан қарақұртпен күресіп келеміз. Қолдан келер шарамызды қолданып көргенмен, қарақұрт жойылар емес! Бұл топан сумен келген нәрсе емес, жыл сайын орын алып жүрген жағдай. Дизенфекция жұмыстарын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Бірақ, қауіпті жәндіктің азаяр түрі көрінбейді. Бақшамызда жеміс-жидек пен көкөністеріміз бар. Бірақ, оны уақытында теріп ала алмаймыз. Себебі, қарақұрттың көптігінен бақшаға кіруге қорқамыз. Сақтық шараларын сақтауға тура келеді. Қорамызда малымыз жоқ, алайда, ит пен мысық секілді үй жануарлары осы қақұрттан өліп жатыр. Соған қарағанда, төрт түлік түлетіп отырған шаруалардың жайы тіптен қиын-ау деп ойлаймын. Сондықтан жауапты мамандар мәселені тез арада шешуге атсалысса екен» дейді ол.

Жалпы, мамандардың айтуына қарағанда, қарақұрт жыланнан да қауіпті жәндік болып саналады. Ол адам не жануарды шаққан кезде 10 минут ішінде зиянын тигізіп үлгеруі, тіпті, өлтіруі де мүмкін. Биыл қауіпті жәндік 397 түйені шағып үлгеріпті. Оның 63-і өлген. Бір өкініштісі, емдік шаралардың ақысы мен өлген малға өтемақы төлеу жайы қарастырылмаған.

- Облысқа қарасты құмды өңірлерде осы улы жәндіктердің көбеюі байқалуда. Осындай 217 түйеге симптоматикалық ем жасалды. Қалғанына ем-дом әлі жалғасып жатыр. Ауырған және аурудан өлген жануарлардың қанынан сынама алынып, облыстық ветеринариялық зертханаға тапсырылды. Зерттеу жүргізілуде, нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады. Сондай-ақ, мал иелеріне улы жәндіктер көп тараған жайылымда түйе,жылқы және сиыр малдарын жаймауды, ауру белгілері білінсе, жедел түрде хабарлауды сұраймыз, - дейді облыстық ауыл шаруашылық және жер қатынастары басқармасының ресми өкілі Ақтілек Нұроллаева.

Қазір зиянкес Индер ауданының Өрлік, Көктоғай, Есбол және Елтай ауылдарын қаптады. Қарақұрт шаққан 81 бас мал емделді, 10-на ем-дом жалғасуда. 23 мал, оның ішінде 17 түйе, 1 жылқы және 5 құлын қырылып калды. Улы жәндік ауыл тұрғындарын да шаққан. Бұл туралы

- Алғашқы жағдай 29 мамырда тіркелді. Барлығы 9 адамды шаққан, оның жетеуі - ересек адам және екеуі мектеп оқушысы. Балалар 7 және 15 жаста. Казірдің өзінде 8 ауыл тұрғыны стационарлық ем алса, 1 адам амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Ал біреуі ауруханаға барудан бас тартты. Ауруханаларда қарақұрт уына қарсы дәрі жеткілікті,- дейді Индер ауданы әкімдігінің ресми өкілі Әли Жайшылық.

Аудандық «Дендер» газетіндегі әріптестеріміз мәлім еткендей, қазір – улы жәндiктердiң белсенді әрекет ететін шағы. Бұл жәндіктің уы жыланнан да сан мәрте күшті деседі. Бірақ, ол қой мен ешкіге дарымайтын көрінеді. Қойдың иiсi шыққан жерге қарақұрт мүлде жоламайды екен. Сондықтан да ата-бабаларымыз орналасатын жерге ең алдымен қойларын жайып алған. Сондай-ақ, үйдi де қойдың жүнiнен жасалған арқанмен қоршап қоятын болған. Халық емінде қарақұрт шақса, қойдың сорпасын ішкізіп, терісін жапса, уы қайтады екен. Мамандардың айтуынша, қарақұрттың еркегінің уы әлсіз болғандықтан адамның терісін тесіп, шаға алмайды. Ал, нағыз улысы, бұл – ұрғашысы. Ол, тіпті, шағылысқаннан кейін еркегін жеп қояды екен. Ендеше, «қара жесір» деп аталуы да тегін емес көрінеді.

Индер аудандық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаева бүгінге дейін аудан бойынша он адам улы жәндіктен жапа шеккенін айтады.

- Қарақұрт шағып ауруханаға түскен тұрғындардың барлығының алғашқыда жағдайлары өте ауыр болды. Медициналық ем-домның нәтижесінде жағдайлары қалыпқа келді. Олардың тоғызы  ауруханалық жағдайда ем алса, бір адам ғана емханалық ем алды. Қарақұрттың шабуылы жылда маусым мен шілде айларында тіркеліп жүр. Ал, тамыз айында уының қуаты артып, тіпті қауіпті бола түседі. Қарақұрт уына қарсы сарысу (сыворотка) дәрі қоры аудандық ауруханада әзірге бар. Қауіптің күшеюіне байланысты облыстан оның қорын тағы да толықтыруға ұсыныс беріп отырмыз, Улы жәндік шаққан жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру керек. Немесе жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізу қажет. Дұрыс және өз уақытысында емдеу удың қауіп-қатерін төмендетеді. Егер медициналық көмек дер кезінде көрсетілмесе, адам ажал құшуы мүмкін. Сондықтан абай болған жөн, - дейді бас дәрігер.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

Фото: әлеуметтік желіден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521