Қызметімізге жаңа серпін сыйлайды

(0 Votes)

Аудандық мәслихаттың төрағасы ретінде Астанада өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңеске қатысуым – өмірімнің жарқын беттерінің бірі болып жадымда қалады. 

Себебі, бұл мемлекетіміздің алдағы даму бағытын айқындайтын үлкен жиын. Оған қатысқаным жұмысыма жаңа серпін сыйлайды. Бұл кеңесте айтылғандардың өкілетті органдардың алдағы жұмысы үшін де маңызы зор. Аталған кеңеске Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. Кеңесте бүгінгі қоғамымызды толғантып жүрген күрделі мәселелер көтеріліп, оларды шешудің жолдары талқыланды. Үкімет басшысы Әлихан Смайлов, премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің және басқаларының баяндамалары мен жауаптары тыңдалды.

Осы кеңеске қатысу барысында Президентіміздің елдегі қалыптасқан жағдайдан, әлеуметтік-экономикалық әлеуетімізден жақсы хабардар екеніне тәнті болдым. Оларды шешу жолдарын тайға таңба басқандай етіп анық түсіндірді. Кейбіріне тоқталсам, Мемлекет басшысы қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруды, жылдан-жылға өскен түскен қымбатшылықпен күресті, субсидияның тек 10 пайызы ғана оған мұқтаж шаруагерлердің қолына тиіп, басқасы пысықайлардың майшелпегіне айналып жатқанын қозғап, қалалардың архитектуралық кескін-келбетін өзгерту, тазалыққа атқарушы билік тарапынан мән берілуі керектігін және басқа да мәселелерді көтеріп соған сай Үкіметке тапсырмалар берді. Олардың бәрі де еліміздің барлық өңірлеріне тән жайттар. Бастысы кеңесте сол мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар, Президентіміз: «Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деп айтуға болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек», деп жаңадан сайланған депутаттар корпусына үлкен сенім артты. Сенімнен шығу үшін жұмыстанамыз. Президентіміз алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға атсалысып, сайлауалды бағдарламамызды орындауда кеңесте берілген тапсырмаларды басшылыққа алатын боламыз. Тәуелсіз еліміз өркендеп, гүлдене берсін!

Гүлжанат Қалиева,

аудандық мәслихаттың төрағасы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT