Әке – асқар тау. Баланың өмірінде әкенің рөлі өте зор. Оны күнделікті өмірден де көріп жүрміз. Мен бар саналы ғұмырын елі мен жұртының денсаулығын нығайтып, рухани дауа беріп, Еланасы атанған өзімнің анам, киелі әруақты келешекке жалғастырған, Серікбайдың сынықшы қызы атанған Дәметкен Серікбайқызы туралы айтқым келіп тұр.
Ол кісінің өмірінде әкесінің рөлі өте зор болды. Серікбай ата мен Жібек анамыздың шаңырағында Дәметкен анамыздан бұрын да үш қызы бар еді. Жібек әжеміздің аяғы ауырлаған кезде бүкіл әулет, ауыл-аймақ болып дүниеге ұл келуіне тілеулес болған екен. Алайда, барыс жылының аяғында, желтоқсан айының соңында дүниеге келген нәресте қыз бала болды. Серікбай ата сәбиін Дәметкен деп атап, жүрегінің жылуын осы перзентіне бағыштады.
Анамыз сәл есейе келе, үнемі әкесінің жанынан табылып, әкесінің айтқандарын сол бойында орындауға тырысқан екен. Өзі аңшы, балық аулап, домбыра шертетін сынықшы Серікбай ата Дәметкен анамызды аңға да ілестіріп шығып, түлкі, қарсақ, қоян сияқты аңдарды ұстау үшін қақпан құру әдістерін де үйретеді. Балық аулауға ертіп шығып, ау құрып, балық аулауға да баулиды. Қыз бала болғанымен, әкесінің өзіне артқан сенімін ақтауға тырысқан анамыз тіпті мылтық атуды да үйреніпті. «Өнерді үйрен де, жирен» деген халық даналығы есімізге түседі осындайда. Кейіннен тұрмысқа шыққан кезінде де ата-анамен қарым-қатынасын үзбей, үнемі хабарласып, қарасып, қал-жағдайларын біліп отырғанын өзі айтушы еді. Серікбай ата қызының бойындағы сынықшылық, емшілік қасиетті ерте байқап, осы қиын да жауапкершілігі мол емшілік жолға түсуіне де себепші болған. Қазақта «арқасы бар адам» деп, кейбір адамдарға елден ерекше құрмет көрсетіп жатады емес пе?
Міне, анамыздың да арқасы бар, қасиет қонған қыз екенін ол шырылдап жерге түскен кезінде-ақ сезген Серікбайдай арқалы әкесі өзінен кейін әруақ ұстап, әулетке қонған сынықшылық қасиетті келер ұрпаққа жалғайтын да осы бір сары қызы болатынын алдын ала сезсе керек. Өйткені, өзі сыйласатын адамдарға: «Дәмекежаным менен де асқан емші болады» деп айтып кеткенінен-ақ осындай көзге көрінбейтін, қолмен ұстай алмайтын нәзік бір әке мен қыз бала арасындағы байланысты сезінуге болады. Тіпті өмірден өтерінде де Дәметкен анамызды күтіп жатып: «Дәмекежан, бар үміт енді сенде» деп үзіліп кете берген әке сенімінің қандай биік те жоғары екеніне осы бір толқынысты сәт арқылы көз жеткізе аламыз.
Әкенің өзіне артқан үмітін ақтау үшін анамыз да өмір бойы өзіне үлкен жауапкершілік арқалады. Қырқы өткеннен кейін анамыздың түсіне еніп, киелі әрағын табыстауынан да әке мен қыз баланың арасындағы тылсым бір рухани байланысты сезінеміз. Өмір бойы әкесіне берген сертін ақтау үшін бар ғұмырын арнаған Дәметкен анамыз бен Серікбай ата өмірі арқылы перзент пен ата-ананың сыйластығына куә боламыз. Назар салып тыңдағандарыңызға мың да бір Алғыс!
Ардақтым ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, Қазақстан Халық емшілері ассоциациясының мүшесі