Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» тақсыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат.
Өткеннің өкінішті тұстарын еске алсақ, 1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізуді ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындаудың құрбаны болды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Ашаршылық жылдарында елімізде 1,5 миллионға жуық адам қайтыс болды.
Аудандық орталық кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында «Зұлмат заманның құрбандары» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Шараға Абай, Ломоносов мектебінің оқушылары, кітапхана оқырмандары қатысты. Шара тізгінін ұстаған М.Меңдіханқызы қанқұйлы жылдардың қасіретінен ақпараттар беріп өтті. Ауданымыздан саяси репрессияға ұшыраған Мүсіреп Әспембетов, Насыр Ибрагимов, ағайынды Халит, Салауат, Ыстамғали Ақботиндердің ұрпақтары, туыстары Сатыбалды Қаменов, Ғаллам Мүсірепов, Асылхан Ғилыманұлы, Гүлфара Жасқайырқызы кешке арнайы шақырылды.
Олар жазықсыз халық жауы атанған туыстарының талайлы тағдыры жөнінде әсерлі сыр шертіп, өскелең ұрпаққа жылы тілектерін білдірді. Кітапхана ұжымы кеш қонақтарына естелік сыйлықтарын табыстады.
Іс-шара барысында аталмыш оқиға аясында бейнесюжет лэд экран арқылы көрсетіліп, «Ұлттың азалы ғасыры» тақырыбында библиографиялық шолу оқырман назарына ұсынылды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Т.Қажыгереев халық әні «Өмір-айды» орындап, жиылған қауымды тәнті етті.
Еркеназ Қалижан