Көтерілсе таң маздап...

(0 Votes)

Сол уақытта таң шапағы маздаған,

Бүгініне үміт артқан аз ба адам?

Туған елім тыныш, аман болса екен,

Сол бір ұлы тілектен мен жазбағам.

 

Бірлікте бол, бүтін ел бол аз қазақ,

Енді қайтіп бізді етпесін жат мазақ.

Тілегімді жеткізе гөр Тәңірге,

Алаулаған таңғы шапақ тап- таза.

 

Кетпе бауыр көп ішіне жұтылып,

Үміт үзбе, келмей жүрсе ұтыры.

Ерте оянып ырысыңды қамдап қал,

Таң келеді кірпігіне құт іліп.

 

Таңға қара, бас қоймай тек таңғы асқа,

Таң уайымсыз шалқып атса ән басқа.

Туған елдің мұңын- мұңдас, ойлама,

Оң келеді бүгін не деп жамбасқа.

 

Шығыстанбыз, таңнан емес біз алыс,

Ұлы таңнан тірлігіміз қыза түс.

Ар- айлақтан кеме жүздір алысқа,

Алдымызда тұр әнеки жүз ағыс.

 

Тек өзіңді ойлай берме маған деп,

Келер нәрсе алсын қанша саған бет.

Тұтас елге қожа болып өзіміз,

Әрбір қазақ ұлы таңға аман жет!

 

Бірлікпенен атқаратын көп іс тұр,

Жүректерді жайламасын қоқыс кір.

ИиләҺи Әмин, шалқып атқан таңдармен,

Қазағымды аман- есен көрістір!

 

                                                                                 Таңатар Дәрелұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521