Кәсіпкерге ірі мөлшерде айыппұл салынған

(0 Votes)

Соңғы жылдары «Nur Otan» партиясына деген халықтың сенімі арта түсуде.

Шешілмеген мәселелері болса, бастарына қиындық түссе бірден партияға келеді. Көбіне сол мәселелер оң шешімін табады немесе түсіндіріліп, бағыт-бағдар беріледі. Жақында аудандық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясы осындай арызды қарады. Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиевтің атына жазылған арызда жеке кәсіпкер: «Еліміздегі ең беделді де адам құқығын қорғай алатын өкілетті ұйымның аудандық өкілі деп сізге сенетіндіктен осы арызымды ұсынып отырмын» дейді жанайқайын жеткізіп. Төменде сол жөнінде баяндамақ бұрын, сақтық шараларын сақтамау неге соқтыратынын тағы бір еске сала кетейік...

Індет таралуына орай өткен жылдан бері азық-түлік дүкендеріне бес адамнан артық ішке кіргізбеу, кәсіпкерлік нысанының иесі, сатушысы, жұмысшылары бетпердемен жүруі, тұтынушылардан да соны талап етуі қажеттігі газет бетінде, әлеуметтік желіде жиі айтылып келеді. Алайда, кей жерлерде осы талап сақталмай отыр. Іште дүкенші немесе тұтынушы бетпердесіз жүрсе мониторингтік топ немесе учаскелік полиция инспекторы акт жасайды. Рейд инспекторлардың бейнежазу жетонына түседі. Акт санитарлық қадағалау органдарына жіберілсе тек бір ғана баппен қаралып, яғни, ӘҚБтК-тің 425 бабымен заңды тұлғаға 230 АЕК көлемінде, яғни 638 940 теңге айыппұл салынады. Аталған санитарлық қадағалау органдары оны тек 30 пайызға ғана жеңілдете алады. Ол 447 мың 258 теңге. Бұған дейін ұсталып, айыппұл төлеп жатқандар барын ақпарат құралдарынан оқи тұрсақ та «Өгіздің басына туған күн, бұзаудың да басына туатынын» ескермейміз. Бетпердемен жүру деген қиын нәрсе емес. Заңды білмеген жауапкершіліктен құтқармайды.

fb_img_1611430039492

Енді партиялық бақылау комиссиясында қаралған мәселеге көшейік. Жақында Азғыр өңіріндегі бір дүкенге ӘҚБтК-тің 425 бабымен 447 258 теңге айыппұл салынды. Жеке кәсіпкердің арызына сүйенсек, С.З. түс мезгілінде дүкенін жауып үйіне кеткелі жатқанда бір ауылдасы қасына жетіп жұмыртқа алғысы келгенін айтады. Ол сол жерде бетпердесін жанына қойып (!) сұраған тауарын береді. Сол кезде ғана дүкенде тағы бір-екі адамның бетпердесіз жүргенін, учаскелік полиция инспекторының тұрғанын көреді. Инспектор акт жасап, санитарлық қадағалау орындарына жібереді. Нәтижесінде сот Кодекстің жоғарыда аталған бабымен үкім шығарып, көрсетілген мөлшердегі айыппұлды нысан иесінің мойнына іледі. Кәсіпкер болса облыстық сотқа шағымданбақшы. Бұл жерде кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Жеке кәсіпкер қыр бойының халқын азық-түлікпен қамтып отыр. Тауарды Азғыр өңіріне ауыр жолмен жеткізу оңай нәрсе емес. Соған қарамастан қиындыққа шыдап, адал еңбегімен ел ықыласына бөленуде. Қайырымдылық шарасына да қол ұшын береді. Оның аяқ астынан осындай жағдайға ұшырағаны жанымызды жабырқатты. Бұрын ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Халыққа көмектесіп отырғанын ауылдық округ әкімі де жіберген хатында растап, жоғары мөлшерде айыппұл салу кәсіпкердің азаматтық құқын шектеу дегенге саяды.

fb_img_1611430034990

Ауданымыздың бас санитарлық дәрігері Карл Отаровтың айтуынша мұндай әрекет тек 425-ші баппен қаралады. Басқаға ауыстырылмайды. Себебі,заңның талабы солай. Одан шығуға болмайды. Ал, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Талғат Исаевтың мәлімдеуінше учаскелік инспектордың өңіріндегі бейнежазу жетонына түсірілген нәрсе өзгертілмейді. Дәлел ретінде қолданылады. Бұл жерде акт жасаған учаскелік полиция инспекторын да кінәлай алмайсыз. Ол жұмысын дұрыс жасап отыр. Бұған дейін де кәсіпкерге ескерту жасалып, сақтық шараларын сақтау қажеттігі түсіндірілген. Білмейді емес, ақпарат көздерінде жиі айтылып жүрген нәрсе.Инспекторлар көзжұмбайлыққа барса, індет өрши түсері ақиқат.

Тағы бір айтар нәрсе кейбір ауыл тұрғындарының өздеріне қызмет көрсетіп отырған адамдарды сыйлай бермейтіні. Неліктен? Сол жерде бетперде тағып барса мұндай жағдай орын алмас та еді. Өздерінің ауылдасы емес пе?

Партиялық бақылау комиссиясының отырысында оның мүшелерінің пікірі бір арнада тоғысты. Ол ӘҚБтК-ке өзгерістер енгізу. Яғни, айыппұл салғанда заңды тұлғаның тауар айналымын ескеру қажет. Әйтпесе шағын және орта кәсіпкерлікті тұралатамыз. Бетпердесіз тұрған бір кәсіпкердің тауар айналымы айына миллиондардан асса, базарда тоңып-шашырап дүңгіршекте жүрген екіншісінің нәпақасы күнделікті тамағы мен киімінен ауыспайды. Сонда ол қалай 638 мың айыппұл төлемек? Ақшаны қайдан табады? Аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Өтегенұлының бұл ұсынысы комиссияның қалған мүшелері тарапынан қолдау тапты. Арыз иесіне де осы жағдай түсіндірілді. Бізге қазіргі керегі індеттің алдын алуға бағытталған талаптарды сақтау. Бұл өз өміріміз үшін қажет нәрсе. Сонда бәрі жақсы болып, шуақты күндерде кездесеміз. Ендеше бетперде тағып жүріңізші!

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521