Елімізде жыл сайын отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өнегелі отбасыларды үлгі ету мақсатында «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіледі.
Атырау қаласындағы Нұрмұхан Жантөрина атындағы филармония ғимаратында аталмыш конкурстың облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Оған қатысу үшін аймақтан 69 отбасы өтініш берген. Бірақ облыстық кезеңге он алтысы өткен. Олардың әрбірі де үкілеген үмітті арқалап, жеңіс үшін аянып қалмады. Атыраулық Бекеновтар отбасы жеңімпаз атанса, ауданымыздан қатысқан теңіздік Бимұрзаевтар отбасы жүлделі ІІ орыннан көрінді.
Ал көптоғайлық Аушимовтар отбасы «Үлгілі отбасы» номинациясымен ұлығыланды. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, діңгегі мықты шаңырақ құрған жандарды қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов құттықтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сертификаттар табыстады. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше.
Айнагүл Күнұзаққызы