Құрманғазыда зұлмат заман құрбандарын еске алды

(0 Votes)

Тарихымыздағы ақтаңдықтардың бірі – 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Боздақтар алаңында «Сол заманның жүрегі әлі соғып тұр» атты мәдени шара өтті.

Зұлмат заманда жазықсыз қаза болғандар бір минут үнсіздікпен еске алынған соң алаңдағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тақтаға аудан әкімдігі, аудандық қоғамдық кеңес, аудан ардагерлері, аудандық мәслихат төрағасы және депутаттар, Құрманғазы аудандық қорғаныс істері бөлімі, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, ауған, тәжік-ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі, Чернобыль апаты зардабын жоюшылар, аудандық полиция, аудандық төтенше жағдайлар бөлімдері, дербес бөлім басшылары, Құрманғазы ауылдық округі, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі атынан гүл шоқтары қойылды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев:

– Саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ халқының көрнекті, көзі ашық, көкірегі ояу қайраткерлері азап шекті. Біздің міндетіміз осы қанқұйлы жылдардың оқиғасы мен оның жазықсыз құрбаны болған Алаштың ардақты ұлдарының қазақ тарихында атқарған игі істерін мәңгі есте сақтау. Сол жылдары ең кемі бір жарым миллионнан астам адам Қазақстан жерінде ашаршылық құрбанына айналса, 600 мың қазақ амалсыздан өз Отанын тастап, ел ішін жайлаған індеттен бассауғалауға мәжбүр болды. Бұл қасірет – біз мәңгі ұмытпайтын ауыр қайғы және тарихтың ащы сабағы, – деп саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына естелік сыйлықтар табыс етті.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары атынан Сатыбалды Каменов сөйлеп:

– Жазықсыз қудаланып, түрмеден-түрмеге өтіп, ақырында атылып кеткен аталарымызды еске алып, шара өткізіп жатқан аудан әкімдігіне ризашылығымды білдіріп, басымды иемін. Ибрайымов Насыр деген туған нағашым. Нағашы атамның туған інісі. «Бай-молданың ұрпағы» деп қудаланып, 1926 жылы 5 жылға сотталып кетті. Содан келгеннен кейін де шолақ белсенділер тағы да артына түсіп қудалап, бір түнде жоқ болып, Алматыдан барып бір шықты. Алматыда 8 наурыз көшесі 20-шы үйде тұрды. Каз ЦИК-тің жанындағы арнайы стенографист-машинист курсының директоры болып істеді. 1937 жылы 22 ақпанда тағы да ұсталып, сотталып, 7 желтоқсан күні үштіктің шешімімен ешбір тергеу-тексерусіз өлім жазасына кесілген. Ол кісі Бөкей губерниясының Теңіз уезінде жауапты хатшы болып істеген адам. Қазіргі білім бөлімі ол кезде уездік білім бөлімі болып аталған. Соның меңгерушісі болған, – деп нағашысын ақтау қағазын оқып, енді мұндай зобалаң заман келер ұрпақтың басына келмесін деген тілегін білдірді.

Шара соңы композициялық нөмірмен тәмамдалды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT