Конституция – мемлекеттің төлқұжаты іспетті. Тіліміз бен ділімізді қалай қастерлесек, Ата Заңымызды да сол биіктен түсірмейміз. Себебі, заңы жоқ ел егемен ел болмайды. Биыл Конституциямызға 28 жыл толды.
Осыған орай, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Алтын тұғыр – Ата заң» атты салтанатты шара өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалғаннан кейін, аудан әкімі Абат Жанғалиев жиналған жұртшылықты Конституция күнімен құттықтады.
Мерекелік лебізінен кейін әр салада жемісті еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерлерді өзінің алғыс хатымен ұлығылады. Келесі кезекте аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева мерейлі мерекеге орай аудандық мәслихат төрағасының алғыс хатын бір топ еңбек озаттарына табыстады.
Академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиев халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелері, ұлттық мүддесі қамтылған, заманға сай жаңғырған Ата Заңымыздың маңызы жөнінде сөз қозғады. Концерттік бағдарламаға ұласқан мерекелік шарада жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.