Құрманғазыда "Балақай" түзете-дамыту кабинеті ашылды

(0 Votes)

Аудандық емханадан "Құрманғазы -Туған жер" қоғамдық қорының "Балақай" түзете-дамыту кабинеті ашылды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі. Коррекциялық кабинет ерекше балалардың ақыл-ойын дамытуға, мінез-құлқында ауытқуы бар балаларды түзете-дамытуға арналған.

Түзету кабинеті «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының қаржылық қолдауымен "Ой-сана" психологтер қоғамдық бірлестігінің "Инклюзивті білім" жобасы аясында жүзеге асып отыр.

"Инклюзивті білім бойынша педагог мамандарын ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу" жобасы өңірдегі педагогикалық қауымдастықтың кәсіби құзыретін арттыру арқылы аймақтағы инклюзивті білім беруді дамытуға, көптеген мүмкіндігі шектеулі балаларға тең орта қалыптастырып, оларды кеңінен ортаға қосу мақсатында жүзеге асырылуда.

-«Жобамыз 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде Атырау облысында және Маңғыстау облысының Боранқұл ауылында инклюзивті сынып немесе топ ашуға ниетті педагог мамандар мен басшыларға арналған 7 біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 160 педагог курстан өткен», - дейді «Ой-сана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләйла Сұлтанбаева.

 

Курс барысында инклюзивті сыныптарды (топтарды) ашудың, ондағы жұмыстарды ұйымдастырудың жобасы, нормативтік-құқықтық актілері, инклюзивті топтардағы арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған жеке жұмыс бағдарламалары мен жоспарларын жазудың жолдары, ерекше балалармен жұмыс жасаудың әдіс-тәсілдері берілген. Сонымен қатар қандай жағдайда педагогтерге үстеме төленетіндігі, ол үшін жасалатын жұмыстар фокус-топтарда талқыланды. Инклюзивтік білім беру тақырыптары бойынша үздік тәжірибелер жалпыланған. Біліктілікті арттыру курстарының профессор-оқытушылар құрамына республика бойынша үздік ғалымдар мен тәжірибелік мамандар тартылған.

Жобаның екінші кезеңінде инклюзивті сыныптар ашуға ниетті педагог мамандар тағылымдамадан өтуі керек. Ол бойынша 10 адам Алматы, 10 адам Астана қаласына жіберілмек.

Ал үшінші кезеңде инклюзивті сыныптар ашуға қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде, жоба қамтылған аумақта 5-10 инклюзивтік сынып ашылады. Осыған орай, 5 ресурстық кабинет, 5 түзету кабинеті жабдықталып, бұдан бөлек өз беттерінше инклюзивтік сыныптар ашқан білім беру мекемелері мамандандырылған көмек алады.

"Ой-сана" психологтер қоғамдық бірлестігі төрағасы Ләйла Сұлтанбаеваның айтуынша, бұл жоба арнайы қажеттіліктері бар балалардың білім беру мекемелеріндегі инклюзивті сыныптарда оқу мүмкіндігін әлдеқайда артатын болады. Мүмкіндігі шектеулі балалар әлеуметтендіріліп, тең ортаға көптеп қосылады деген де жоспар бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT