Күрделі кезеңдегі жедел жәрдем

(3 Votes)

Басы ауырып, балтыры сыздаған науқастарға алғашқы медициналық жәрдем көрсету – жедел жәрдем қызметінің басты міндеті. Олардың бұл жұмысы сонысымен де маңызды.

Сырқаты жанына батқандардың осы бір ақ халатты абзал жандардан бір медет күтері сөзсіз. Сондықтан да олардың шақыртуларына кідіріссіз жетіп, дереу дәрігерлік көмек көрсетулерін жан-тәндерімен қалайды.

Бұрындары жұртшылық көбіне-көп жедел жәрдем қызметіне көңілдері толмайтынын жиі айтатын еді. Ал, қазіргі уақытта жағдай жақсарды десе де болғандай. Тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеп, әрбір қоңырауды жауапсыз қалдырмайды. Кәсіби біліктіліктерімен қатар, мейірімділікті, жылдамдық пен шыдамдылықты қажет ететін медицинаның бұл саласында қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Аудан орталығы тұрғындарына қызметін ұсынатын жедел жәрдем бригадасының дені жас мамандардан құралғанымен өз міндеттерін асқан жауапкершілікпен атқарады. Қазіргі уақыттағы коронавирустық инфекциядан туындаған күрделі кезеңде өз жұмыстарын қалай атқаруда деген сұрақ өзінен өзі туындары анық. Осы ретте шағын ұжымның жетекшісі, аға фельдшер Өтесова Айнұр Жұматқызы қызмет бабына байланысты өз орнында болмағанымен кезекшілікте тұрған №48 жедел жәрдем бригадасының фельдшері Бисенбай Жангиров біздің бұл сауалдарымызға жауаптарын беріп өтті. Алғашқы сұрағымыз жалпы жедел жәрдем қызметі жайлы болды.

- Елімізде денсаулық министрлігінің бұйрығымен бекітілген шұғыл көмек көрсетудің 4 санаты анықталған, оның біріншісі бойынша жедел жәрдем қызметі шақырылған жерге 10 минуттан аспайтын уақытта жетуге тиіс. Оған жол-көлік оқиғасы, өрт, газ жарылу сияқты апаттардан ауыр жарақат алу, естен тану, жүрек тоқтау, тыныс алуы қиындау, кеуде тұсының ауруы сияқты белгілер жатады. Бұған жүкті әйелдердің бала туып қалу қаупі туындаған шақырту да кіреді. Екінші санатқа жатқызылған демікпе, аллергия, жүрек ауруы, улану жағдайлары бойынша 15 минуттан аспайтын уақытта көмек көрсетілуі тиіс. Дене қызуының көтерілуі, іштің ауруы, жүкті әйелдерге көмек 20-30 минут аралығында көрсетіліп, үшінші санатқа біріктіріледі. Ал, төртінші санат бойынша созылмалы аурулардың асқынуына, өмірге қауіпті емес жеңіл жарақаттарға 30-40 минуттан кешіктірілмей барылуы қажет. Шақыртулардың санатын «103» нөміріне соғылған қоңырауларды қабылдап отыратын оператор сұхбаттасу барысында анықтайды. Шақыртулардың барлығы Атырау қаласындағы орталықтандырылған қызметке түсіп, жергілікті жерлеріне қарай жолданады.

- Қызметкерлердің құрамы, саны, жабдықталуы, қамту аумағы жөнінде қысқаша тоқталып өтсеңіз...

- Құрманғазы ауылын қамтитын бригадалар құрамы 27 қызметкерден тұрады, 18 фельдшер, 8 автокөлік жүргізушісі, 1 санитар. Жұмыс кезектесіп ауысыммен атқарылады, бір аусымда 2 бригада болады. Күндізгісі таңертеңгі 8-30-дан 16-30-ға дейін 8 сағат, түнгісі тиісінше 16-30-дан келесі күнгі 8-30-ға дейін 16 сағат кезекшілік атқарады. Қазіргі уақытта № 48 бригадада менімен бірге фельдшер Альбина Қамиева, көлік жүргізушісі Нұрдәулет Дүкенов, ал № 47 бригадада фельдшерлер Мереке Разиденов, Еркебұлан Дүкенов, механик-жүргізуші Қуаныш Қабдолов болып кезекшілікте тұрмыз. Жедел жәрдем бригадасына жақында жаңадан «УАЗ», «УАЗ Patriot», «Jac Sunray» автомашиналары алынып берілді. Аталған автокөліктердің барлығы заманауи медициналық құрал-жарақтармен жабдықталған. Ауырған науқасқа көмек көрсетудің бар жағдайы қарастырылған, мұның өзі қызметімізде едәуір тиімділігін арттырғаны сөсіз. Екеуі кезекшілікте болса, үшіншісі резервке қойылады, төтенше жағдай туындаса дереу жолға шығарамыз, яғни әрдайым дайын тұрады. Жанар-жағармайымыз жеткілікті, ол жағынан кідіріс жоқ. Қажетті дәрі-дәрмектің қоры бар, таусыла қалған жағдайда Атырау қаласындағы бас мекемеден уақтылы жеткізіледі. Тәулігіне шамамен 35-40 шақырту түседі, жедел жәрдем көмегіне жүгіну сенбі, жексенбі күндері, кешкі-түнгі мезгілдерде көп болады. Мұны науқастардың жұмыс күні уақыттарында өздерінің учаскелік дәрігерлеріне, емханаға, дәрігерлелік пунктке қаралуға мүмкіндіктері барлығымен түсіндіруге болады. Қамту аумағымызға Құрманғазы ауылы, барлық ықшам аудандарымен, іргелес жатқан Шестой, Қамыс зауыт, ЛСП, Каспий ауылдары кіреді. Ал, округтердегі тұрғындарды қамту өздеріндегі амбулатория, фельдшерлік пункттердің медицина қызметкерлері арқылы жүзеге асады. Ол елді мекендерде тұратындардың жедел жәрдемге шақыртуы орталықтандырылған жүйе бойынша бізге түседі, өз тарапымыздан біз «Көмек» деген бағдарлама бойынша жергілікті жердегі әріптестерімізге жолдаймыз. Ешкім де дәрігердің көмегінсіз қалмайды, қай жерде тұрып жатса да алғашқы медициналық қызмет қол жетімді.

zhedel-zhdem1

- Қазіргідей ел арасында індеттің таралу қаупі туындап отырған күрделі кезеңде жедел жәрдем көмегі қалай жүргізіледі, қызметтеріңізде қандай қиындықтар кезігеді?

- Жаңа айтып өткенімдей, шақыртуларды қабылдаушы оператор аурудың барлық симптомдарын жазып отырады, дене қызуы, тамақты қырнау, иіс және дәм сезбеу белгілері болса біздерді ескертеді. Біз өз тарапымыздан коронавирустық инфеккция жағдайында жедел медициналық көмек көрсету бригадаларының іс-қимыл алгоритмі  бойынша жұмыс жасауға көшеміз. Күдікті науқасқа барар кезде еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес автокөлік жүргізушісімен қоса жоғары дәрежедегі қорғау респираторы, көзілдірік, бетті қорғайтын экран, резеңке қолғап, резеңке етік, бір рет қолданылатын комбинезон сияқты жеке қорғаныш құралдарын киюге міндеттіміз. Әр осындай пациенттен соң міндетті түрде ауыстырылып отырылады. Қызметімізде КВИ диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасы басшылыққа алынады. Сырқат адамның жалпы жай-күйі, дене қызуы, тыныс алу жиілігі, ентікпесінің болуы нақтыланады. Аурудың жеңіл ағымы анықталған жағдайда алғашқы медициналық көмектен соң үйлерінде қалдырылады. Бірақ, емхананың учаскелік дәрігеріне ескертіліп, қадағалауына алғызылады. Ал, жасы келгендер, созылмалы аурумен ауратындар, ауыр симптомды бегілері барлар одан әрі емделу үшін стационарға жеткізіледі. Алайда бірден ауруханаға салынбайды, «фильтр» бөлімшесі арқылы ПТР тест қорытындысын күтеді. Қысқаша айтқанда осындай жұмыстар жүргізіледі. Кездесетін қиындықтарға келсек, ондайлар болмайды емес болады. Дегенмен қазіргі уақытта барлығы біршама жақсарып қалды. Көше атаулары мен нөмірлері көрнекі ілінген, көше жарықтары жарқырап тұр, көп жерде асфальт төселеген. Шақырушы мекенжайын дұрыс айтса, координатын қалдырса дер уақытында жетеміз. Түсінбестік туындап жатса ұялы телефон арқылы нақытылап алудың мүмкіндігі тағы бар.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521