Көптоғай ауылдық округінде өткен қоғамдық кеңес мүшелері жиынында округтің жаңа әкімі Қайрат Бөлеков таныстырылды.
Оның өмірбаянына, бұған дейін ауданда, облыста атқарған қызметіне тоқталып өткен соң аудан әкімі Қайрат Нұртаев: – Келген азаматқа қолдау жасауларыңызды сұраймыз. Жас болғандықтан білмеген жері болса көмектесіңіздер. Қайратты сұраған жерлер көп. Алайда біз осы округті көтеру мақсатымен сіздерге әкеліп отырмыз. «Жалғыздың шаңы шықпас», дегендей барлық нәрсе де өздеріңіздің онымен қарым-қатынастарыңызға байланысты. Сіз, біз болып бірлесе қимылдасақ, шешімін күткен мәселелерді ауданда, облыста көтеріп мақсатымызға жетеміз. Бір жылда бәрі шешіледі деп айта алмаймыз. Қайрат Қуандықұлы осы бағытта жұмыстанады. Адам өзін көрсетуі үшін бір жерде 4-5 жыл еңбек етуі қажет, - деп тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасап, ел игілігі үшін қызмет етеді деген сенімін білдірді.
Ауылдық округтің биі Өтеген Зиноров: – Біз өзіңді жақсы танимыз. Жаңа жұмысыңызды алып кетуге тәжірибеңіз жетеді деген сенімдеміз. Әр уақытта ақыл-кеңесімізді беруге, көмектесуге дайынбыз. Бұл жердің өзекті мәселелері жеткілікті. Оны естіп жатқан да шығарсың. Олардың қатарында жарықтандыру, сумен қамту, спорт алаңын салу да бар. Орталықтағы полиция, шекарадағы шекара қызметкерлеріне салынған үй әлі пайдалануға берілген жоқ. Учаскелік инспектор мен мал дәрігерін бірге ертіп, өзің осында көшіп келуің керек. Себебі, күндіз-түні ауылда болғаның дұрыс. Әкімге тірелетін жұмыс көп. Қиындықтан қорықпай, тұйыққа тірелгенде торықпай, себеп-сылтау іздемей олардан құтылудың мүмкіндігін тапқаның жөн. Жұмыс жасағысы келген адам жол табады, істегісі келмеген жан себеп іздейді, - деп жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.
Қатысушылардан қоғамдық кеңес мүшесі Сырым Баженов, С.Мұқанов орта мектебінің директоры Күнсұлу Сүйінова округтің жаңа әкіміне ізгі тілектерін арнады. Ауыл ақсақалы Қайырбек Өтепов жайылым, шабындық жоқтығын алға тартып, аудан, округ басшыларының алға қарай осы мәселемен айналысуын сұрады.
Қ.ҒҰМАРОВ