«Күй дегеніңіз мәңгілік қой»

(0 Votes)

Алматыдағы Сәрсенбай ағамның ауылға келген бір сапарында Ибрагим үшеуіміз ортақ шаруаменен әкімдіктің алдындағы алаңда тұрған болатынбыз.

Атыраудан Серік Сәрсекенов деген ініміз ағамызға телефон шалды. Сәрсекең болса қазіргі уақытта әкімдік үйінің алдында жүргенін айтты. Ұялы телефонның арғы жағынан әлгі Серік «Аға жақсы болды ғой, кезінде сонда қызметте болғанымда «тәуелсіз ел болдық» деп ырымдап әкімдік үйінің алдындағы үш шыршаның жанына екі түп қарағай екен болатынмын. Қазір үлкен зәулім терек болды дейді ғой, сол қос қарағайдың саясына фотоға түсіп маған жіберіңізші» деп қолқалай жөнелді. Зер сала қарасақ, шындығында да бір-бірімен қатар өскен теректер жайқалып тұр екен. Ініміздің өтінішін қош алып, кетіп бара жатқан біреулерге «бізді түсіріңізші» деп фотоға түскен болатынбыз.

Содан мен қарап тұрмай ағама «Сәрсеке, мына қос қарағай сізден бірдеме дәметіп тұрғандай ма қалай өзі» деп әзілдеп оның мынандай сұлулықты әп сәтте сазға айналдыратын тамаша қасиетін меңзеп. Ибрагим де менің не айтпағымды бірден түсініп, «Ағаш қанша жайқалып өссе де, уақыт өте келе ол да солады. Сәке, қос қарағайға арнап күй шығарыңызшы, күй дегеніңіз мәңгілік қой. Мен білемін, ол сіздің қолыңыздан келеді» демесі бар ма?! Мен де оны қоштап, «Біз сізді мықты копозитор деп мақтанып жүреміз, көрелікші ендеше» дедім. Ағай болса «несі бар шығарамын» деп, балалық шағы есіне түсті ғой деймін, «кәнекей, онда қолымызды бірінің үстіне бірін қойып серттесейік, мен сөзімде тұрмай қалмаймын» деп кесу рәсімін жасады. Балаша мәз болып, күлісіп жатырмыз.

Артынан үш айдан кейін ағам телефон соғып, «Мен сендердің тапсырмаларыңды орындаған сияқтымын, «Қос қарағай» деген күй шығардым, тыңдап көр» деп телефонын дыбыстық режимге қойып домбырасымен орындап берді. Күй телефонның ар жағынан естілсе де өте әсерлі екен, көңілімді қатты толқытты, аяқталысымен «Аға, аға, мынауыңыз керемет қой, біртүрлі «қос қарағай, қос қарағай» деп сайрап тұрғандай секілді, маған қатты ұнады» деп жатырмын. Ағам болса, «Бөпежан-ау, бұл күй де «Қос қарағай» деп сөйлейді» Серікке де, Ибрагимге де, басқа да өзім деген жандарға тыңдаттым баршасына да ұнап жатыр. Қалай ғана сәтті шықты деп мен де таңқалып отырмын, күйдің әуенінің ішіне сендерді де бейнеледім, Ибрагим сұңғыла ғой туындының бір-екі жерінен өзін анық танып қойыпты» деп қуанғанынан ағынан жарылды. Мен де өзімше ағамды сынамақшы болып, бір жағынан түсіне алмай «Айтыңызшы, мынаның қай жерінде мен, қай жерінде Ибрагим, қай жерінде Серік?» дедім. Сәрсекең тағы да қолына домбырасын алып жіберіп, күйді орындай отырып, «Күй басталғандағы әуен Серіктікі, одан кейін бейтарап кейіпкерлер кетеді, осыдан кейін барып Ибрагимді суреттедім, ал мына жерде сенің бейнең кетеді» деп тәптіштеп түсіндіріп әлек. Шындығында да мінезі салмақты Ибрагимді, самбырлай сөйлей жөнелетін өзімді көзалдығы келтіргендей тылсым әсер алдым. Ағатайым тоқтар емес, «Мына жерде Каспийдің жал-жал толқындары, Жайықбастан соққан желмен тербелген тал-теректердің сыбдыры иірім-иірім болып суреттеледі, содан кейін тағы бір әдемі әуен бар, ең соңында тағы да Ибрагимжанның бейнесі қайталанады, күй сонымен бітеді» деп сазды суреттеп жатыр...

Тамаша туынды мені елітіп, толғандырып тастады, біразға дейін бар ойымды жаулады да жүрді. Бір шамалыдан кейін Ибрагимге хабарласып күй туралы пікірін білмекке хабарластым. Ол болса баяғы сабырлы қалпымен «Сәкең үлкен суреткер ғой, қарапайым музыкадан алшақ адам түсінбеуі мүмкін, бірақ күйдің өнбойын жүрегімнен өткізіп сезініп отырдым. Тіпті сол саздан сонау студенттік кезімдегі қыздармен вальс билеп жүргенімді де бейнелепті, бәрі де осы Сәкең суреттегендей болатын» деді. Музыка деген құдіреттің тылсымын жан-тәнімен түсінетін екі бірдей маған қымбат жандарды сынамақ ниетте болғаныма біртүрлі қуысатнып, ойымның келтелігіне шынымен де ұялып қалдым.

Сәрсенбай ағам бірде үлкен ой-толғанысымен бөліскен еді. – Домбыраның үлкен сағағынан басталатын толқынды әуезді ырғақтар, басынан аяғына дейін тоқталмастан жүріп отырады. Мынау тірішілігімізде де солай. Ұлан-байтақ Қазақстанымыз «Өмір» деп аталатын алып мұхитта «Тәуелсіздік» деген кемемен жүзіп жүргендей көрінеді. Біздер сол кемедегі жаны бір адамдармыз. Кезегіміз келгенде сол кемеден түсіп қалып жатамыз, - деп айтқаны есімде. Қазір ойлап қарасам, мұнда үлкен пәлсапалық мән жатыр екен ғой. Тірліктегі тауқаны таусылған жақсыларынан айырылған сәтте түйген ойы сыңайлы. Албырт жастығында танысып, өмірдің бел-белестерінен бірген өткен Ибрагимін жоғалтқанда да осы күйді кешкені анық. Сөз басында сол Ибрагим айтқандай күй ғана мәңгілік екен. Ендеше, «Қос қарағай» атты мәңгілік күйдегі ағамның жан досы Ибрагимнің бейнесі де мәңгілік деп ойлаймын. Мынау бес күн тірлікте онымен таныс, тілеулес болғаныма өзімді шын бақытты санаймын. Осы шағын естелігімді жазып болған соң Алматыдағы Сәрсенбай ағама тағы да телефон шалып, «Қос қарағайды» орындап беруін өтіндім. Мәңгілік күйді тыңдай бергім келеді, тыңдай бергім келеді... Бұл жүрегімнен орын алған жайсаң жанға деген сағыныш шығар...

Бөпежан АҚМҰРЗАЕВА,

ауылдасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521