Жеке үйлердің ауласында байлаулы тұрған иттердің ұлыған дауысын бәріміз де естіп жүрміз. Үй иелері оларды «үнің өшкір», «жағың қарысқыр» деп қарғап-сілеп жатады.
Осындайда кішкентай кезімде әжемнің айтқан бір әңгімесі есіме оралады... Әжем немерелеріне ертегілермен бірге халық ауызында жүрген аңыз-әңгімелердің де тиегін ағытатын. Соның бірінде иттің тектен-тек ұлымайтынын айтатын. Аңызға сүйенсек, бір кісінің иті күн сайын кешкі мезгілден бастап ұлитын әдет шығарған екен. Оның иесі «басыңа көрінсін» деп итін ауласынан аулақ қуып жіберсе де, үйдің айналасынан шықпай қойған хайуан ұлуын тоқтатпапты.
Сөйтіп жүргенде үйге қайыр сұраған бір адам келген екен. Үй қожайыны жеті теңгесін беріп, кері қайтпақ болғанда әлгі қайыршы оны тоқтатып, аспанға қарауын өтініпті. Қараса, қорқынышты қап-қара нәрсе төбеден төніп тұр. Соны көрген ит тынбастап ұлып, үйге жақындатпай жүр екен. Сәлден соң әлгі белгісіз нәрсені қайыршының қолындағы жеті теңге қуалап кете барады. Өз көзіне өзі сенбеген үй иесі қайыршы кейпіндегі жанның тегін адам еместігін түсініп, алғысын жаудырады.
Сол сәттен бастап иті ұлымайтын болыпты. Әңгімесін аяқтаған әжем «садақаны ұсақ тиындармен көп етіп берсең, бәле-жаланың соңынан көп болып қуалайды» деп қосып қойды. Кім білсін, бұл әңгімені әжеме оның әжесі айтқан болар. Әйтеуір, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыздардың бірі ғой. Ал, әр аңыздың артында бір шөкім шындық жатады. Ендеше, бұл әңгіме де бәрімізді жомарт жүректі және кең пейілді болуға шақырғандай көрінеді маған.
Әділет АМАНГЕЛДІ
Сурет: ашық дереккөзден