Ауданда іскер әйелдерге қолдау көп

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі мен аудандық іскер әйелдер орталығының ұйымдастыруымен ауылдағы әйелдерді кәсіпкерлік қызметке тарту, микронесиеге қолжетімділікті арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті қамтамасыз ету бағытында семинар-кеңес өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова, республикалық іскер әйелдер кеңесінің Атырау облысы бойынша төрайымы Гүлжан Мұқатаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев, аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов, «Халық банк» АҚ аудандық филиалының басшысы Аслан Нұртазаев, осы банктың облыстық филиалының «шағын бизнес, сату», «карта бизнес» орталығының басшылары Айгүл Төлеуова, Айсамал Олжағалиева, облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис Жармұхамбетова және т.б. қатысты.

 

ksipker-jelder1


Ауданымыздың бизнес-ледилері мен жаңа ғана кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдер қатысқан семинар-кеңесті Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев ашып:

– Кәсіпкер болу оңай емес. Грант, жеңіл пайызбен несие немесе басқадай қаржы алса да, соның бәрінің есебін білуі керек. Әлемдік тәжірибеде де бизнеске бет бұрған 100 адамның 50-і ғана оны игеріп кете алады. Сол себепті кәсіпкерлік негіздерін оқу қажет. Бізде кәсіпкер дегенімізбен көбі өзін-өзі қамтып отырған азаматтар, - деп, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы «Бастау Бизнес» жобасынан қысқаша хабардар етіп, шараны сұрақ-жауап түрінде өткізейік деген ұсынысын ортаға салды.

Республикалық іскер әйелдер кеңесінің Атырау облысы бойынша төрайымы Гүлжан Мұқатаева – Іскер әйелдер кеңесі Ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан 2015 жылы құрылды. Филиалы алғаш рет Атырау облысында ашылды. Жеті жылдай жұмыс жасағаннан кейін бағытымызды өзгертіп аудандық, ауылдық жерлердегі әйелдерді кәсіпкерлікке тартуға бет бұрдық. Әрине, кәсіпкерлікке өте батыл адамдар ғана барады. Қазіргі кезде оны жүргізу оңай емес. Өзім 20 жыл осы салада келе жатқандықтан жақсы білемін. Сол себепті сіздерді жақсы түсініп, әрбір кәсіпкер ханымдардың мәселелерін дұрыс шешуге тырысамын. Біздің қызметімізді билік пен кәсіпкерлердің арасындағы алтын көпір деп айтуға болады. Облысымыздың жеті ауданында өзіміздің төрайымдарымыз бар. Халықпен тығыз, бетпе-бет жұмыс жасау керек. Себебі, әлі шешімін таппаған сұрақтар көп. Ең бірінші мәселе оқыту. Біреулер қаражатқа, енді басқалары уақытының болмауына байланысты оқуға бара алмайды. Сондықтан әрбір өңірде наурыз айының 15-сінен бастап әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылып отыр. Күні кеше 50 қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке тегін оқыттық, сертификаттар табыс етілді, - деді.

Қиғаш ауылының тұрғыны, балық өнімдерін дайындаумен айналысуды жоспарлап қойған  «Ғасыр дәмі» жеке кәсіпкерлігінің иесі Алтынгүл Бисенова:

– Бизнесімді жүргізетін ғимарат жоқ. Алматыдан құрылғы алдырғалы отырмын. Сатуға қойылған бір ғимаратты пайдаланайын десем, ескі болғандықтан оған үлкен күрделі жөндеу қажет. Оны жалдайын десем, бизнесті жаңа бастап жатырғандықтан өзімнің тауар айналымымды дұрыс болжай алмаймын. Бизнес-жобамда 5 адамды жұмыспен қамтуды көздеген болатынмын. Яғни, технолог, сату бойынша менеджер, медицина қызметкері және есепші. Әзірге бесеу болмағанымен, бір топ адамды алуды жоспарлап қойдым. Оларға ең төменгі жалақы есебімен 60 мыңнан еңбекақы төлеуім керек. Жалдау құны да айына 120 мың теңге. Қандай пайда, шығын көрерім беймәлім. Сол себепті 2 миллион алғанымнан кейін тағы да басқа гранттарға қатысуыма бола ма? Біздің өнімдеріміз жартылай шикізаттан, яғни, балықтан жасалады, - деп алға қойған мақсатын жүзеге асыру үшін қандай қолдау болатынын білгісі келді.

Республикалық іскер әйелдер кеңесінің Атырау облысы бойынша төрайымы Гүлжан Мұқатаева сұраққа жауап қайтарып, берілетін гранттарға қатысуға болатынын, жеңілдетілген несиелер барын айтып, кәсіпкерді ғимаратпен қамтамасыз етуді қарастыруды аудандық кәсіпкерлік және туризм бөліміне тапсырды.

Облыстық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Гүлнафис Жармұхамбетова орталықты қаржыландыру, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы, кәсіпкерлікке оқыту жайлы слайд арқылы түсінік беріп, қандай жобаларға қаржы бөлінетіні жайлы қысқаша тоқталып өтті. Екі сағатқа созылған семинар-кеңесте қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтардың дені банктен берілетін жеңілдетілген несиелер, қойылатын кепілдер төңірегінде болды. Сұрақтарға берген жауабында «Халық банк» АҚ облыстық филиалының «шағын бизнес,сату», «карта бизнес» орталығының басшылары Айгүл Төлеуова, Айсамал Олжағалиева несиенің ең жоғары мөлшері 400 миллион екенін, кепілге қала және аудан орталығынан ұлутастан салынған ғимараттар ғана алынатынын жеткізді. Ауылдық жердегі ғимараттар кепілге қабылданбайды, бірақ, туысы немесе танысы болса соның келісімімен аудан орталығындағы ғимаратты ұсынуға болады. Аталмыш банктің аудандық филиалының басшысы Аслан Нұртазаев қосымша түсіндіріп, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Базарбай Өтеулиев жұмыспен қамту жөнінде қысқаша ақпараттандырды.

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызы әйелдерге көрсетіліп отырған қолдау жайлы, олар кәсіпкерлердің 19 пайызын құрайтыны жөнінде айтып, жолдың қиындығына қарамастан орталарына келіп, кең көлемде түсінік бергендері үшін ризашылығын білдірді. Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы Зоя Жағпарова, әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың аудандық орталығының төрайымы Жаннат Сидеғалиева да осындай ризашылықтарын жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521