2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының негізгі мақсатына әрбір қазақстандықтың көркемдік-шығармашылық әлеуетін іске асыру, сондай-ақ, жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру кіреді. Осыған орай ауданымызда өлке қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттау жобасы жүзеге асуда.
Оның аясында Сафон ауылдық округіндегі мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кіртапхана, ауылдық округ пен кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиевпен кездесу шарасы өтті. Алдымен кеш кейіпкері қошеметпен сахна төріне шақырылды. Шараны жүргізген өнерпаз Қаһарман Рамазанов академик ағамыздың елге сіңірген еңбегі, шығармашылығы жайлы оқырмандарды хабардар еткен соң, өмір жолы жайлы түсірілген бейнеролик тамашаланды.
Тәуелсіздік жетістіктері, көне тарихымыз, бүгінгі дамуымызға егемендігіміз себеп болғаны, ана тілімізді қадірлеу жайлы жазушыға тән сұңғылалықпан тереңнен ой толғап, сөз саптаған Өмірзақ Қажымғалиұлы одан әрі: – Мен жазушылыққа 2008 жылдан бастап бет бұрдым. Оған дейін де аздап жазып жүрдім. Тәуелсіздікке дейін де ел болдық. Халық тер төгіп жұмыс жасады. Соны көрсетсем, әдеби жолда дәріптесем деген ойға кеттім. Ол кезде де жастар бірін-бірі сүйді, ұнатты. Түрлі жағдайлар да кездесті. Жастардың сол кездегі шынайы сезімдерін, жас айырмашылығына қарамай араларында болған махаббатты жазсам дедім. Қолыма қалам алып, жазуға кірістім. Бәрі көз алдымнан өтіп жатты. Жазушының өзінің фантазиясы болады ғой. Көркем шығармада барлығы бірдей шындық болмайды, көркемдеу, әсерлеу, табиғатты суреттеу орын алады. Ол жазушының шеберлігі. Негізгі желіден ауытқымау шығарманың ақиқаттығы. Осы бағытта бірінші «Дариға дәурен» кітабын жаздым. Бірақ, оның прозаның қай жанрына жататынын, повест ме, роман ба, әлде хикаят па өзім білмедім,– деп танымал жазушы Рахымжан Отарбаевқа көрсеткенде жақсы жазылған роман екенін айтып, 500 данамен шығаруға септескенін жылы лебізбен еске алды. Әңгімесін жалғастырып, Серікбай ата, Мақаш қорын құруға ат басын тіреп, олардың басына кесене тұрғызуға сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Нұрпейіс Мақашов көмегін тигізіп, ақын Таңатар Дәрелұлының жол сілтегеніне тоқтала кетті. Әбу Сәрсенбаев ескерткішін өзі күштерімен орнатқанын да ойға оралтты. Өткеннің осындай нұрлы шақтарын тіл тиегіне айналдырып, «Өренді өлкетанушы» клубының аудан тарихының қысаста қалған, айтылмаған тұстарын жаңғырту бағытында жасап жатырған жұмыстары, археологиялық қазбалар жайлы қызықты әңгімеледі. Құрманғазы ауданының шежіре кітабының үшінші томы құрастырылып жатқанынан хабардар етті. Одан әрі өзіне қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар қайтарды.
Кездесуде Сафон ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманғали Сүндетов, «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері Зерек Сағыпазова, Марида Құрманғазиева, округтің бас маманы Балжеміс Хамзаева, клуб меңгерушісі Қалампыр Мұратқалиева, «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Қанат Ғұмаров сөйлеп, ізгі тілектерін арнады. Кеш кейіпкеріне округ әкімдігі мен клуб меңгерушісі атынан Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табысталды. Шара барысында Гүлнар Уәлитханова, Тельман Ғимыранұлы, Мейрамбек Мамбетов және басқа да өнерпаздар әндер мен күй орындады. Соңында Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев сөйлеп, көрсетіліп жатырған құрметке ризашылығын білдірді.
Қанат ЗАРЛЫХАНҰЛЫ