Аудан әкімдігінде балық және ауыл шаруашылығы саласында іске асырылып жатырған инвестициялық жобалармен танысу, шешімін қарау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Отырысты аудан әкімі Абат Жанғалиев жүргізді.
Оған аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев, аудандық прокуратураның прокуроры Әділ Сисенов, Еңбекші, Бірлік, Шортанбай, Көптоғай ауылдық округтерінің әкімдері Жасқайрат Хамзин, Гүлжазира Әбенова, Мейіржан Ғұмаров, Бауыржан Каримов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов пен орынбасары Асқар Муфтах, мамандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жалпы ауданымыз бойынша балық шаруашылығын дамыту бойынша 2021-2025 жылдар аралығында құны 3 млрд 950 млн, теңгені құрайтын 3 инвестициялық жобалар іске асырылады деп жоспарлануда. Оның 608 млн. теңгесін шаруашылықтар өз қаражаты есебінен шығарады. Қалған 3 млрд 342 млн. теңгесі қаржы институттары арқылы тартылмақшы. Осы жобалар бойынша «СевКаспийФиш» ЖШС Көптоғай ауылдық округінде, Қиғаш өзені жағасында тауарлы балық өсіруге арналған аквакультура орталығының жұмысы, «Каспий-Балық» ӨК Бірлік ауылдық округіне қарасты Қызылоба, Колпинный жер учаскелерінен тоған шаруашылығы, «Б.Абдолов» ШҚ Шортанбай ауылдық округінде орналасқан шаруа шаруашылығының маңынан Қиғаш өзені бойында бекіре және тұқы тұқымдас балық түрлерін Ресейден әкеліп тоғанда өсіру инвестициялық жобаларын жүзеге асыруды жоспарлауда. Агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асырудың 2023-2026 жылдарға арналған Жол картасында «Құбашев Есболат» ШҚ-ның мал бордақылау алаңын салу жобасы бар. Мақаш ауылдық округіне қарасты Қаражар учаскесінен 0,0625 га жерге мал сою цехын салу 150 млн, теңге шамасын құрайды. Оның 50 млн. теңгесі қожалықтың өз есебінен. Бұл жоба аясында 4 адам жұмыспен қамтылады. Жоғарыда аталған инвестициялық жобалардың орындалу барысы бойынша «Капий-Балық» ӨК, «Абдолов Болат» ШҚ өкілдері Тілекқабыл Жакеев, Әділбек Абдолов, «Құбашев Есболат» ШҚ басшысы Есболат Құбашевтің пікірлері тыңдалды.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Бекетұлы, орынбасары Асқар Зейнетоллаұлы қысқаша түсініктер берді. Жобалардың орындалу барысына сын айтқан аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы бұл мәселеге қайта оралып, ақпан айында кері тыңдалатынын қаперге берді.
Қанат ҒҰМАРОВ