Грант ұтқандардың бағы жануда

(0 Votes)

2018 жылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруды мақсат еткен жас кәсіпкерлерді қолдау үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қайтарымсыз мемлекеттік грант беріле бастады.

2019 жылдан бастап бұл грант көлемі 200 айлық есептік көрсеткішке дейін өсіріліп күні бүгін 555,6 мың теңге болды. Жұмыссыздар мен көпбалалы аналар кәсіп ашу үшін мемлекеттен бөлінген аталмыш грантқа қол жеткізе алады. Бұл қаражатты алу үшін бір жылдан аспаған кәсіпкер және «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыған сертификаты болуы қажет. Атаулы әлеуметтік көмек алып отырғандарға және көпбалалы отбасы мүшелеріне бұл талап қойылмайды. «Бастау бизнес» жобасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп отыр. Оның әкімшісі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Аталмыш жоба жұмыссыздар мен кәсіпкерлікті енді бастаған жандарға арналған.

Осы мүмкіндіктерді өткен жылы ауданымызда 116 жас кәсіпкер пайдаланып, өз кәсіптерін ашса, биыл тағы 100 адам грант қаражатын алып игілікті істерін атқаруда. Олардың қатарында мал өсіруге ниет білдіргендер 45 адам болса, 10-ы тігінші, 11-і кондитерлік тағам дайындау, 33-і шаш қию, тырнақ өсіру, бет әрлеу, массаж жасау, кілем тазалау бизнесімен айналысқанды жөн көрді. Сондай-ақ, дәнекерлеу, жылыжай ашып көкөніс өсіру, кірпіш даярлау ісін ашып, кәсіптерін жүргізіп жатқандар бар. Солардың бірі Көптоғай ауылдық округінің тұрғыны Мейрамгүл Көшербаева кондитерлік тағам дайындауды еркін меңгеріп, бүгінде өз кәсібін дөңгелетуде. – Мен 21 күндік курсты оқып, теренерлердің көмегімен бизнес жоспар жасадым. Оны сәтті қорғап шығып, 555 мың теңгенің грантына қол жеткіздім. Біреулер үшін бұл аз ғана қаржы болып көрінуі мүмкін. Алайда, мен оған кондитерлік өнім әзірлеуге қажетті құралдарды сатып алып, ісімді бастадым. Одан бұрын курстан кейін көптен бері ойлап жүрген шаруаға бел будым, бұл менің қолымнан келді. Мұнымен тоқтамаймын – дейді Мейрамгүл. Шет тілін оқыту қызметімен айналысуға ден қойған Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Жанар Молдабекованың да кәсібіне қатысты мақсаты көп. – Қолыңнан қандай іс келеді, содан бизнес жасауыңа болады. Жұмыс жоқ деп отырмау керек. Алғашында табыс аз болуы мүмкін. Бірден байып кетпейтінің белгілі. «Өзім дегенде өгіздей қара күші бар» демекші, өз ісің болған соң оны кеңейткің келеді, нәтиже көрген соң табысыңды еселейсің – дейді Жанар. Ал ақкөлдік Клара Алипова жартылай дайын тағам фабрикаттарын даярлау бағытында жұмысын табысты бастап, бүгінде тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруда. Кәсіпкер келіншек мемлекеттің көрсетіп отырған көмегіне ерекше алғысын білдіреді. Қолдаудың арқасында кәсібін дөңгелеткен ол тек сапаға ғана жұмыс істеуді басты назарда ұстайды. Клараның әзірлеген өнімдері ауыл тұрғындарының сұранысына ие болғаны соншалықты, кейде тіпті үлгермей қалып жататын кездері болатынын жасырмайды.

Биылғы жылы аудан бойынша 140 адам «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, сертификаттарын алып шықты. Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Г.Кумарова грант алуға өтініш берушілер қатарының көбеюіне байланысты қосымша қаржы сұралып жатқандығынан, жыл соңына дейін мемлекеттік гранттар берілетіндігінен хабардар етті.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521