Газет ақпарат таратушы ғана емес, тұтастай елдің рухани-мәдени өркендеуіне ой қосатын, елдік мұрат-мүддені дәріптейтін, тұлғатану ілімі мен өлкетану құндылығын насихаттайтын, тіл ұстартып, тәрбие беретін де бірегей идеологиялық құрал.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдаулары, басты құжат айқындаған басым бағыттар мен ол бойынша жергілікті билік атқарып жатқан бастамалардың да ұдайы жарияланып отырумен құнды. Сондықтан да өткен ғасырдың басында «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының алаш баласына қарата айтқан осы сөзі әлі де өміршеңдігін жоймағанын мойындауға тиіспіз. Дейтұрғанмен кейінгі кезде дәстүрлі мерзімдік басылымдарды менсінбейтіндер қатары көбейіп келеді. Олар «Газет қолымызға тигенше ондағы ақпараттар ескіріп, өзінің актуалдығын жойып алады» деген уәждерін айтып, бар жаңалықпен әлеуметтік желі арқылы танысқанды қош көреді. Алайда гаджеттер жылдам хабар алуға қолайлы болғанымен, онда газеттер көтеретін салиқалы сараптамалық материалдар мен танымал тұлғалар туралы очерк- эсселер, тарихи танымдық дүниелер тұшынып оқитындай толықтай беріліп жатпайды. Бәрібір сізді қызықтыратын мақалаларды жарық көрген мерзімдік басылымдардан сабыла жүріп іздеп табуыңа тура келеді. Сонымен бірге, біздің «Серпер» газетінде мың сан оқырмандарының қолдауымен ойып орын алған жарнамалық жарияланымдарды да әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан мүлдем көре алмайсыз. Мәселенің мәнісі, міне, осында. Әңгімеміздің орайы өзіміздің аудандық газетке ойысқаннан кейін айта кетейік, кейінгі кезде жиі жарық көріп жүрген «Иә, Серпер» тыңдап тұр!» атты жаңа жобамыз оқырмандар тарапынан қызу қолдауға ие болды. Редакцияға аяқтай да келіп, телефон соғып та өздерін толғандырған өзекті сұрақ-сауалдарын жолдап, жауабын күтеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі басшыларға халықпен кері байланысты арттыруда әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалануды тапсырды, кейбір мерзімдік басылымдар сияқты «Серпер» де бұл үрдіске үн қосты. Сұрақ-жауаптың тиімділігін жете түсініп, оқырманмен кері байланысқа шығатындардың қатарында ауданымыздың әкімі Марат Бисенғалиұлы Мурзиевтің болуы да ақпарат таратудағы игілікті ісімізге оң серпін әкелді. Өзі бас болып жауап берумен қатар, дербес бөлім басшыларына да пәрмен беріп, келген сауалдарды аяқсыз қалдырмай бәріне нақты жауабын беріп отыруды тапсырды. Осы ретте, газет оқуға көңіл бөліп, аудандық газетте шыққан мақалаларды оқып, бүге-шүгесіне дейін талдап жүретін әкімдерді, басшыларды кездестіріп жүргенімізді айтсақ дейміз. Алдымен ауызға ілігетіні мемелекеттік қызметтің ардагері, «Бірлігінде» бірегей әкім болған Бауыржан Ақбанов. Газет қолына тиген күннің ертесіне телефон шалып, «Серперде» шыққан мақалаларды оқып, бағасын беріп, өзіндік ойын айтып жүретін-ді.
Қазірде зейнет демалысында болса да ара-тұра телефон шалып хабарласып тұруды ұмытпайды, алда- жалда газеті мерзімінде қолына тимей қалса, телефонымызға тыным бермейтін де әдеті бар. Ағамыздың мұнысын газетке шын жанашырлығы деп ұғынамыз. Ындыны журналист Жұмақай ағамыздың тәлімін түйіп өскен ұлы Шортанбай ауылдық округінің әкімі Мейіржан Ғұмаров та газеттің әр нөмірін қалт жібермей оқитын басшылардың қатарынан екен. – Ауылдық жер болған соң күйбең тірлігі көп болады ғой. Сонда да уақыт тауып күнделікті келетін мерзімдік басылымдарды бір шолып шығамын. Маңызды дегендерін жұмыстан оралғасын үйде оқығанды жақсы көремін. Жасыратыны жоқ, ауыл тынысы туралы жазылса шынымен марқайып қаламын. Бір өкініштісі, ондайларды «Серпердің» бетінен сирек көремін. Осы ретте алдағы уақытта ауылдық округтердің тұрмыс- тірішілігіне жиі орын берілсе деген сіздерге айтар базынам да жоқ емес.
Айтпақшы, халық сайлаған әкімдер жайлы жазып жүргендеріңіз жақсы бастама, - деді газетті оқитындығын дәлелдей түскендей. Ұзақ жыл ветеринария саласында басшылық қызмет атқарып, жақында ғана Ақкөл ауылдық округінің әкімі болып сайланған Әлімбай Әбдірахман біраздан бері бізбен жақсы шығармашылық байланыста келеді. Газетімізде тағылымды естелік әңгімелері, танымдық жолжазбалары жарияланды, соған сай Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өтті. Сол Әлекеңнің газет жайлы айтқан әңгімесі ойға оралады.
– Бала кезімнен мерзімдік басылымдарды сүйіп оқимын. Мұғалім болып істеген әкем газет-жорналдардың бірнешеуін жаздырып алатын. Солардың барлығын көз майымды тауысып оқып өстім. Қолға ұстаған газетті соңғы бетінен бастап оқуды әдет етіп кетіппін. Өйткені, көбіне- көп онда спорт жаңалықтары, әйгілі спортшылардың өмірдеректері, қысқа-қысқа қызықты әңгімелер, пайдалы кеңестер жарияланады. Содан кейін барып қалғандарымен танысамын. Осы күнгі газеттерде мұндайлар көп кездесе бермейді. Мәселен, әуесқой балықшылардың, бау- бақша өсіретін бағбандардың бір кәдесіне жарар кеңестер жарияланып тұрса оқылымды болар еді деген ойдамын, - дей келіп кейбір адамдардың газет оқу мәдениеті тым төмен екендігін де коса кетті. Әрине, әкім-қаралардың газетке деген осындай көзқарасына ішіміз жылып қалды, бұл қалам ұстаған қауымға жауапкершілік жүктеп, шабыт берері сөзсіз. Газет оқу мәдениеті дегенде өткен әзірде бір қаделі жиын барысында «Серпердің» төл құрдасы, 91 жастағы нұржаулық әжей Жаңыл Жантемірованың «Ауыл-аймақтың жаңалығын осы газеттен біліп отырамын. Уақытында келмей жатса, бірдеңеден құр қалғандай сезінемін. «Кәзитім қайда, жыртып тастаған жоқсыңдар ма?» деп үйдегілердің де дымын қоймаймын. Көп жылдар бойы қалыптасып қалған ғадетім ғой, қайтейін...
Ілкідегі жылдарда кәзит-жорналмен қатар, әдеби кітаптарды көп оқитынмын» деп айтқаны біраз ойға жетелей түсті. Ауылда қарапайым құбатөбел ғұмыр кешкен әжеміздің өн бойынан небір «оқыған-тоқығандардың» өзінен байқала бермейтін зиялылықтың белгісі анық сезіліп тұрғандай. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген әр айтқан сөзінен, іс-қимылынан биік мәдениеттіліктің ізін байқайсыз. Мұның бәрі үнемі замана ағымынан қалмай рухани байып отырғанның пайдасы екенінде дау жоқ. Не болғанда да Жаңыл әжемізден үлгі алып газет оқуға құштар жандар қатары көбейсе деген ой.
Айбек НӘЖІМОВ, бас редактордың орынбасары-жауапты хатшы