Газ шаруашылығы мамандары – құрмет төрінде

(0 Votes)

Құрманғазы ауданы аумағына табиғи газ құбырлары 1988 жылдары тартыла бастады. 1994 жылдың 8-ші сәуірінде аудан орталығы сол кездегі Ганюшкино селосының орталығындағы жылу қазандығы көгілдір отынға қосылды. Қазіргі таңда ауданымыздың 19 округінің барлық елді мекендерінде 11820 абонент, 215 мекеме және 287 заңды тұлға яғни 99,9 пайызы табиғи газды еш кедергісіз пайдаланып отыр. «ҚазақГазАймақ» акционерлік қоғамы Атырау өндірістік филиалы Құрманғазы аудандық газ шаруашылығы – аудан халқын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, ел игілігі үшін еселі еңбек етіп жүрген абзал жандардың ордасы. Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Ел игілігі жолындағы еңбек» атты салтанатты жиын өтті.

Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов сала мамандарының аудан тұрғындарын үздіксіз әрі қауіпсіз газбен қамтудағы еңбектерін ерекше атап өтіп, республикалық газ саласы ардагерлер кеңесінің мерекелік төсбелгісімен сала ардагерлері Аянғали Айбулатов, Теміртас Кубаевты марапаттады. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының, «ҚазақГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Алғыс хатын аудандық газ шаруашылығының инженері Нұрылбай Құмарұлы, мекеменің шебері Дәурен сабыржанұлы, сала ардагерлері Асқар Құлхайырұлы, Бақытжан Рахимұлы, Жалғас Елдосұлына табыстады. Аудан әкімінің Алғыс хатын бір топ үздік қызметкерге тапсырды.

Құрманғазы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Нұрболат Қайырмеденов округ әкімінің Алғыс хатын мекеменің озат қызметкерлеріне ұсынды. «ҚазақГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалы, Құрманғазы аудандық газ шаруашылығының директоры Шыңғыс Тулегенов кәсіби мерекеге орай әріптестерін қызу құттықтап, көрсетілген құрмет пен қолдауға ұжым атынан алғысын білдіріп, алдағы уақытта да сапалы қызмет көрсетуді жалғастыратындарын жеткізді. Өзінің Алғыс хатымен сала мамандарын ұлығылады.     

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT