Ет – жегенге оңай, өндіргенге - қиын

(0 Votes)

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауларында ауылдың одан әрі даму жолдарын айқындап отыратыны бәрімізге белгілі.

Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндіру секторлары арқылы экономика қарқынды дамып, нарықты сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толтыруда. Халықтың санының артуына орай, оған деген қажеттілік те тұрақты артуда. Республикамызда ет өнімдерін өндіру дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығындағы негізгі және басым бағыттардың бірі болып саналды. Ет және ет өнімдері ақуыздың негізгі көзі ретінде адамның тамақтануында үлкен маңызға ие.

et-kesheni-4

Облыс бойынша ет және ет өнімдерін өндіретін сервистік дайындау орталығы үш жерде бар. Анығырақ айтсақ, Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданында және ауданымызға қарасты Еңбекші ауылдық округінде. «Құрманғазы СДО» өндірістік кооперативі бүгінде республика көлеміне жіті танылып үлгерді. Ондағы тұрақты 30 қызметкер халық игілігі үшін нағыз еңбектің қызу қазанында қайнап жүр. Айына 10-15 тонна шамасында ет дайындалады. Күніне орта есеппен төрт-түлік малдың 15 басы сойылады. Терісі сыпырылып, ішек-қарыны тазаланады. Ет бөлшектеніп, салмағы өлшенеді, дайын өнімге жұмсалатыны сүйегінен ажыратылып алынады. Бас-сирақтар бөлек үйтіледі. Малды жоғары көтеріп, төмен түсіретін қондырғылар болмаса, жұмыстың басым бөлігі қол күшімен жасалады. Жалақыларын қолдарына уақытылы алатын ұйымшыл ұжым мүшелерінің бір бөлігі қуырдақ турап, бір бөлігі оны пісіріп, екінші бөлігі қазы, шұжық айналдырады. Жоғары сортты ұн електен өткізіліп, иленіп, үшінші бөлігі мантыларды, тұшпараларды түйіп, басқасы оны өлшеп, қораптарға салып, заттаңба жапсырады. Бүгінде дайын өнімдердің түрі 19-ға жеткен. Олардың барлығы химиялық тәжірибелер мен зерттеулер жүргізуге арналған арнайы жабдықталған бөлмеден сапалық бақылаудан өтеді, талаптарға сай сертификаттары берілген. Бағалары да қолжетімді деңгейде. Атап айтсақ, I санатты сиыр еті – 1900 тг, II санатты сиыр еті – 1750 тг, I санатты түйе еті – 1650 тг, II санатты түйе еті – 1450 тг, сиыр жүрегі (1кг) – 900 тг, сиыр бауыры (1кг) – 500 тг, сиыр бүйрегі (1кг) – 900 тг, түйенің өркеші (1кг) – 1800 тг, сиыр тілі (1кг) – 1500 тг, қарта (1кг) – 800 тг, қазы (1кг)  – 2800 тг, манты (1кг) – 900 тг, тұшпара (400 г) – 350 тг, котлет (500 г) – 500 тг, варениктер (400 г) – 200 тг, тефтели (500г) – 500 тг, сиырдың тартылған еті (500г)  – 900 тг, сиыр қуырдағы (500г)  – 850 тг, жылқы қуырдағы (500г) – 850 тг, I санатты ішкі-құрылыс қуырдағы (500г)  – 350 тг, II санатты ішкі-құрылыс қуырдағы (500г)  – 200 тг, тоңазыма (500г) – 250 тг.

et-kesheni1

- Ағымдағы жылдың 9 айлық қорытынды есебі бойынша, 100 млн-ға жуық өнім айналымының 35-40млн-ы дайын өнімге тиесілі болды. Алдағы уақытта оның түрлерін көбейту көзделіп отыр. Жоғары сапалы, денсаулыққа пайдалы әрі дәмі тіл үйіретін тағамдар артығымен дайындалып, бір айлық мерзімі бойынша мұздатқышқа сақталады. Себебі оған халықтың сұранысы өте жоғары,-дейді цех басшысы, тәжірибелі маман Римма Нұрмұханбетова.

et-kesheni2

Иә, расы сол, бүгінде аудан орталығындағы көптеген сауда орындары мен азық-түлік дүкендерінен кооперативтің шығарған өнімдерін кезек күтіп сатып алушылардың қарасы азаймаған. Бұл орталық аудан, облыс, жыл сайын жылда Елордада өтетін Атырау облысы күндері аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрақты қатысуды мызғымас дәстүрі етіп қалыптастырған. Әсіресе ақуызға аса бай, көптеген аурудың алдын-алуға септігін тигізер тоңазымаға өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы өте жоғары екен.

et-kesheni3

«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді».  Тіршіліктің негізгі күре тамыры ауылшаруашылығы саласында елеулі орнын сайлаған өндірістік кооперативтің бір күн де жұмысының тұраламауы – оның директоры «Ауыл шаруашылық саласының үздігі» Кенжебаев Бержан Ахонұлының еңбекке ешқандай енжарлық танытпауымен байланысты. Бұл іске ол көптеген сатылардағы сынақтардан сынбай жетті. Тарқатып көрсек, кейіпкеріміз 1980 жылы «Гурьев» ауылшаруашылық техникумын «механик» мамандығы бойынша тәмамдап, сол жылы «Калинин» атындағы кеңшарда трактор бригадасының бригадирі ретінде еңбек жолын бастайды. Кейіннен осы кеңшарда машина-трактор паркі және автопаркіне меңгерушілік етеді. 1991-1998 жылдары XXV партия съезі атындағы ет өңдеу комбинатының басшысы, 1998-1999 жылдары «Еңбекші ет кешені» ЖШС-нің директоры болады. 1999 жылы аудандық мәслихатының II шақырылымының депутаты болып сайланып, аудандық мәслихат хатшысы лауазымына тағайындалады. 2002-2008 жылдары «Ш.Сүлейменов» ӨК-нің төрағасы атанып, 2008-2011 жж. «Еңбекші ет кешені» ЖШС-нде басшылық жұмысын қайта қолына алады. 2011 жылдан күні бүгінге дейін «Құрманғазы СДО» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі директоры қызметін мүлтіксіз атқарып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді.

et-kesheni

«Қарағым, саналы адам сағыңды сындырмас, санасыз адам жағыңды тындырмас дегендей, Құдай ой-санадан кенде қылмапты сені, мың шүкір! Құйрығын қырық құйқылжытар мына қу заманда, адал еңбегің ғана асыл мұраттарыңнан мүдіртпей, адам атыңа жетелер. Әкеңнің тірнектеп басын құраған малына бас-көз бол. Атакәсіпті ақсатып алма, алдыңдағы ағаңа жанашырлығыңды жоғалтпа. Ел-жұртыңа қиянатыңды өткізбе. Ең бастысы, өзіңді сыйла, сонда өзге де сені құрмет тұтады». Бұл – «ауданымыздың Құрметті азаматы» Бержан ағамызға анасының ақырғы айтқан өсиет-сөзі екен. «Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айт» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Әке аманатын арқалап, ана ақылынан аттамаған ұл бүгінде ауылының ғана емес, аймағының да ардақты азаматына айналды.

Бірқатар маңызды істердің басында білек сыбанып жүрген ел ағасының тағы бір қыры - жұртына деген қайырымдылық қасиеті қай-қай жерден де менмұндалап көрініп тұрады. Демеушілігімен ауданымыздың жалғыз баспасөзіне келесі жылға 50 адамды жаздыруы – бүтін бір ұлт руханиятына деген жанашырлығы емей немене?! 2012 жылдан бері халық қалаулысы-аудандық мәслихат депутаты атанып, биылғы жылы да праймеризге түсіп отырған абыройлы азамат  қалың бұқараның мұң-мұқтажын, елдік мәселерді көтеріп, оны шешу бағытындағы іргелі істерін іргерілете бермек. Жерлестерін жаңа жылмен қызу құттықтап, Отанымыздың тыныштығын тілеген «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Бержан Ахонұлы алдағы уақытта «Құрманғазы СДО» өндірістік кооперативі шаруашылығының өрісін одан әрі кеңейтіп, оның жанынан тері-жүн өндеу және мал сүйегінен ұн шығару цехын ашуды мақсат етуде.         

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT