Ерінбей еткен еңбектің жемісі

(0 Votes)

Мемлекеттер пайда болғаннан бастап, өркендеп-гүлденуіне үлес қосатын қарапайым еңбек адамдары. Олар қоғам дамуының дөңгелегі. Қазақ «Алтын күміс – тас екен, арпа, бидай – ас екен», деп текке айтпаған.

Алтын мен күмісті бір адам пайдаланса, қарапайым диханшы немесе малшы еңбегімен отбасын ғана емес, жүздеген, мыңдаған адамды асырайды. Солар өсіріп шығарған төрт түлік пен егіннің өнімдерін өзгелер де тұтынады. Құрылысшының салған үйлерін қажетіне жаратады. Жасаған жолдарымен қатынайды. Жайқалған жасыл желекке сүйсінсек оны да өсірген еңбек адамдары. Егер олар болмаса сонау заманнан бізге жеткен зәулім құрылыстар, пирамидалар тұрғызылмас еді. Қазір де салынып жатқандарының, ел игілігін көріп отырған жұмыстардың артында олардың тынымсыз еңбегі, төккен тері тұр. Басшы мекеменің миы деп алсақ, қарауындағы жұмысшы оның қолы. Екеуі бірігіп тасты жарып,тауды бұзады. Еңбек адамынсыз ештеңе жүзеге аспайды.

Жоғарыда жол туралы айттық. Алайда, оны жасаушылар туралы емес, бүгінде күтіп ұстап, сіз бен біздің игілімізге жаратып отырғандар жайлы әңгімелесек дейміз. Көп нәрсе күтімге байланысты ғой. «Темірдей берік» деп жатамыз, бірақ темірді де далада қараусыз тастасаңыз тат басып, тозады. Сол сияқты салынған жол да өзін баладай мәпелеуді қажетсінеді. Ол темірдей мықты емес. Табиғаттың тылсым күші болса, адамнан күштірек. Күні кеше ғана бірнеше күн жаңбыр жауғанда ауылдардың ортасында шағын өзекшелер пайда болды. Тегіс жерді ойып құдық жасайтын нөсердің асфальттың да жан-жағын үңгіп, астындағы топырағын ағызып әкете алатыны талас тудырмайды. Ауданымыздағы облыстық маңызы бар жолдардың жарамдылығын ұдайы бақылауда ұстайтын мекеменің бірі ауданымыздағы «Құрманғазы жолдары» ЖШС.

Аталған мекеменің техникалары қандай жағдайға да сақадай сай тұрса, мұны оған жауапты механик Ерболат Бисенғалиевтің өз қызметіне ұқыптылығының оң нәтижесі деп білген жөн. Қай техниканың да саны бар, сапасы жоқ болса, дер кезінде жолға шыға алмаса одан не пайда? Қағаз жүзінде бәрі жақсы болғаны табиғаттың дүлей күшімен бетпе-бет келгенде пайда бермейді. Осыны жадынан шығарған емес. Табиғатта төтенше жағдайлар да кездеспей тұрмайды. Жазда қатты нөсер, қыста көк тайғақ дегендей. Ешкім де ертеңгі күннің не дайындап қойғанын білмейді. Аяқ астынан сондай жағдай орын алса техника жол үстінен табылуы тиіс. Тәжірибелі механик мұны жадынан шығарған емес. «Темірдің тілін тапқан», жасынан техникаға құмар болып өскен Ерболат Құмарғалиұлы 1960 жылы 23 қазанда дүниеге келген. 1968-1978 жылдар аралығында Крупская атындағы орта мектепте оқыды. 1978-1983 жылдары Гурьев ауыл шаруашылығы техникумын тамамдады.1980-1982 жылдары Кеңес әскері қатарында болды. 1983-1995 жылдары СПМК кәсіпорынында механик-гараж меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 1995-2001 жылдары аудан әкімдігінде жүргізуші болып еңбек етті. 2001 жылдан күні бүгінге дейін «Құрманғазы жолдары» ЖШС-де механик болып жұмыс жасауда. Абыройлы қызметімен, адамгершілігімен, өзіне тапсырылған жұмысқа ыждағаттылығымен ұжымға, басшыларға сыйлы. Техниканың жағдайын білмеген адам механик болып жасамайды. Механик те қарапайым еңбек адамы. Жауапкершілігі зор жұмыс. Өйткені, мекемеге қарайтын барлық техникалардың жағдайы оның мойынында. Сол үшін сұралады. Ол өзгелерге, соның ішінде жастарға бағыт-бағдар беруі тиіс. Трактордың дүрілінен оның «жүрек соғысын» байқап, автокөліктің дауысынын «қай жері сырқаттанып» тұрғанын дөп басу да механиктің қасиеті. Тек біліп қоймай қалай емдеу жолдарынан да хабардар болуы тиіс. Ерболат Құмарғалиұлы осындай маман. Еңбек майданында алға қарай да мерейіңіз үстем болып, елге қызметіңіз қадіріңізді асыра берсін дейміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521