Ерікті болу адамның өз таңдауы

(0 Votes)

2020 жыл – Еріктілер жылына орай Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесі мен Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі бірлесіп «Ерікті болу – адамның саналы таңдауы» атты дөңгелек үстел өткізді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ертеден келе жатқан салт-дәстүрімізді қолдап, волонтерлікті дамыту мақсатында 2020 жылды – Еріктілер жылы деп жариялады.

Жалпы ерікті болу дегеніміз – қоғамға қажет екеніңді сезініп, адамдарға пайдаңды тигізу. Құрманғазы ауылдық округі, округке қарасты мекемелер, түрлі қоғамдық ұйымдар мен мектеп, колледж жастары, сондай-ақ, «Құрманғазы» қоғамдық қайырымдылық қоры бұл іске зор үлес қосуда. Округ бойынша қайырымдылық акциялары аясында өткен 2019 жылғы есеппен жыл ішінде 45 отбасына, 197 балаға, қайырымдылық көмектері көрсетілді. Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен іске асырылған «Сыбаға» акциясын қолдау мақсатында аз қамтылған 4 отбасына кәсіпкерлердің демеушілігімен көмек көрсетіліп, үйлеріне азық-түлік пен бір жолғы көмек жеткізілді. Наурыз айында «Асар» атты келесі қайырымдылық шарасы жалғасын тауып, оның аясында жалғыз тұратын не әлеуметтік әлсіз топтағы аналардың жағдайын білу, үйлеріне барып көктемгі жұмыстарына көмек көрсету ұйымдастырылды. «Құрманғазы» қоғамдық қайырымдылық қорының белсенділері Жастілек Унашев пен Ерлан Тарихов зейнеткер, егде жастағы жалғыз басты қария Злиха Мақсотовамен байланысқа шығып, қайырымдылық ретінде газ плитасын табыс етті. Келесі игі бастама ретінде көп балалы ана Орынай Нұрымқызына Теңіз ауылдық округінен газы, жылуы, жарығы, ауласында моншасы, құдығы, гаражы бар үш бөлмелі үйдің кілті табысталғанын айта кетейік.

Дөңгелек үстелде «Құрманғазы»қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Ерлан Тариховқа сөз кезегі беріліп, ол топты қалай құрғандығына және қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүргендердің жас шамасы шектелмегеніне, қатарларында егде адамдар, жастар, кәсіпкерлер барына тоқталды. Колледж жастарының тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарып: – Менің ата анам өмірден өткенше өздерінің қадіри қалдерінше өмір сүрді. Талай қиындықтарды да көрді. Сол кезде «Осыдан ер жетіп еңбекке араласып, қолыма қаражат тисе, бір тұтқаны ұстасам жоқ-жітік отбасыларына бірінші кезекте көмегемді беремін», деп армандайтынмын. Мақсатыма осы қоғамдық қорды құру арқылы жеттім деп ойлаймын. Қазір еріктілер қоғамында 72 адам бар. Біз көмек көрсеткен адамдарымыздың атын атап тізбелемейміз, оны Алла разылығы үшін жасаймыз, - деді тебірене сөйлеп.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиев Президентіміз Қ.Тоқаевтың жарлығымен бекітілген Еріктілер жылында атқарылатын жұмыстар жоспарланып және оны іске асыру бағытындағы шаралар жасақталғанын айтып, мұқтаж адамдарға қол ұшын созу мақсатында жастардан құрылған топтардың жұмысына тоқталды. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен еріктілер қоғамына арналған фронт кеңсенің( офис) ашылу салтанаты болғанын жеткізіп, еріктілер қоғамының болашағы бар, ертедегі ата-бабамыздан жалғасқан үлкенге қамқор, жылағанды жұбатар, қол ұшын беретін ұйым атанатынын жеткізді.

Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Жаннат Құрманғалиева, Құрманғазы ауылдық округі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Гауһария Төкестаева сөйлеп, шара барысында жақсы, құнды пікірлер айтылғанын атап өтіп, өз пікірлерін ортаға салған шақырылған қонақтарға және колледж әкімшілігіне ризашылықтарын білдірді.

Ақтоты Нұрболатқызы

COVID 19

covid

Соңғы жаңалықтар

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21