«Ер Қосай батыр» шекара заставасы жаңа ғимаратқа көшті

(0 Votes)

Кудряшов ауылдық округінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жағалау күзеті өңірлік басқармасы 2016 әскери бөлімінің «Ер Қосай батыр» шекара заставасы заманауи үлгідегі модульді жаңа ғимаратқа көшті.

Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Нұртаев, Ер Қосай батырдың ұрпағы Мерген Байболов, ауыл тұрғындары, шекарашылар, БАҚ өкілдері қатысты. Шараны жүргізген аудандық өнерпаз Қайрат Сайфуллин алғашқы сөзді 2016 әскери бөлімінің командирі, подполковник Дәулет Абсаматовқа ұсынды.

img_6794

– Былтырғы жылы застава жаугершілік заманда Қазақ жерін кеңейтіп, сыртқы жаулардан қорғаған ұлтымыздың біртуар ұлы Ер Қосай батырдың есімін еншілеген болатын. Бүгін міне оның жаңа ғимаратының құрылысын жүргізуге қомақты қаржы бөлген облыс әкімшілігіне үлкен ризашылығымызды білдіреміз. «Ер Қосай батыр» шекара заставасының жеке құрамы Қазақстан Республикасының транзиттік аймағы болып табылатын Қазақстан-Ресей бағытындағы мемлекеттік шекараны сеніммен күзетіп келеді. Осыған дейін оның күнделікті қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттері бұрынғы аурухана орнында ұйымдастырылып келді. Енді шекарашылар заман талабына сай жаңа материалдық-техникалық жабдықтармен жасақталған бекетте күзетпек. Бұл жерде келісімшарт негізінде жұмыс істейтін офицерлер мен әскери қызметкерлерге арналған тұрғын үйлер, казармалар, азық-түлік қоймасы, асхана, қызметтік иттерге арналған орындар мен арнайы бөлмелер бар. Яғни, әскери қызметкерлер мен сарбаздарға барлық жайлы жағдай қамтамасыз етілген. Сондықтан олар алдағы уақытта да халық пен елдің мүддесіне риясыз қызмет етіп, жауынгерлік антқа берік болып, өзінің Отан алдындағы парызына адал болатынына сенімім мол, - деді.

img_6809

Қуанышты күні жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Нұртаев: - Қандай мемлекеттің де тыныштығы ел межесін қырағы күзетуде жатқаны өздеріңізге жақсы мәлім. Қазақстан Республикасы да Тәуелсіздік алғаннан бері шекарасының берік болуына зор көңіл бөлуде. Ауданымызда да жаңа өткізу пункттері салынып, онда жауынгерлер үшін қолайлы жағдай жасалған. Шекарашылардың қызметіне қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылған «Ер Қосай батыр» шекара заставасының заманауи үлгідегі ғимараты аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлының тікелей қолдауымен жүзеге асып отыр. Мұндай модульді нысандар өзге аудандарда да қолданысқа берілуде. «Ер Қосай» шекара бөлімшесі еліміздің батыс қақпасының қырағы күзетін жүзеге асыруда. Сарбаздарымыз шекара шебін көз ілмей бақылауда ұстап, түрлі заңсыз әрекеттердің жолын кесуде. Алдағы уақытта да отан қорғаушы шекарашы жастарымыз өз жауапкершіліктерін терең сезініп, баба даңқына кір келтірмей елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін мықты күзетеді деген сенімдеміз. Жаңа нысан игіліктеріңізге қызмет етсін, - деген ізгі ниетін білдірді.

img_6800

Бұдан кейін мінберге көтерілген Ер Қосай батырдың ұрпағы Мерген Байболов бүгінгі заставаның ашылуымен құттықтап, оның батыр баба атын еншілеуі шекара шебінде қалтқысыз күзетте тұрған сарбаздарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге үлкен септігін тигізетінін алға тартты. Шекарашыларамыз өз міндеттерін лайықты атқара білсе, егемен еліміз алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық жағынан дами беретіндігін айтып өтті. «Сондықтан да біз сіздерге үлкен үміт артамыз. Осындай жауапты істеріңізге сәттілік пен жақсылық тілеймін», – деді ол.

img_6803

Құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Каспий мега строй» ЖШС директоры Арман Лекеров, қатардағы жауынгер Ерлан Теңгелбаев, ауыл ардагері Уағап Айтпаев ақжарма тілектерін жеткізді. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шараны әнмен әрледі. Застава ғимаратының алдындағы керілген лентаны аудан әкімі Қайрат Талапұлы, 2016 әскери бөлімінің командирі, подполковник Дәулет Хамитұлы және ауыл ардагері Уағап Мұқашұлы қиды.

img_6813

Айта кетейік, нысанның құрылысына облыстық бюджет есебінен 235 млн. теңге қаржы жұмсалған. 2019 жылы аталмыш заставаның қызметкерлері 4 мемлекеттік шекара бұзушыны және 54 «Мемлекеттік шекара» заңын бұрмалағандарды қолға түсірген. Шекара бекетінің толыққанды қызметтік-жауынгерлік іс-қимылдың қазіргі барлық талаптарына сай келетін ғимаратта әскери қызметкерлердің жұмыс орны, арнайы патриоттық бағдарламалар көрсететін сыныптар, киім-кешек, азық-түлік, қару-жарақ сақтайтын қоймалар, асхана қарастырылған. Салтанатты шарадан соң қонақтар жаңа заставаның ішін аралап, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.

img_6843

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521