Ер есімі ұмытылмайды

(0 Votes)

Өткен ғасырда талай шаңырақты қайғымен тұмшалаған сұрапыл соғыстың оты өшсе де зардабы ұмытылмайды.

Батысты түгел жаулаған фашизм қанды шеңгелін Кеңес Одағына салғанда қазақстандық боздақтар да туған жерін, өскен елін қорғаймын деп қолына қару алды. Майдан даласының отқа оранған белестерінде олардың талайы ерлікпен шайқасып, артқа бір қадам шегінбей көз жұмса да есімдері белгісіз болып қала берді. Кейбірінің есімдері ізшіл топтардың, артында қалған ұрпақтарының тынымсыз іздеуі нәтижесінде енді ғана белгілі болып жатыр. Сондай хабарсыз кеткендердің бірі жерлесіміз Әмір Елеусінов еді. Артында қалған ұрпақтары ұзақ жылдар іздегенімен ешқандай нәтиже бермейді. Тек 2012 жылы 3 шілдеде «Долина» ізшілдер тобы қаза болған жерін анықтап, Өлеңді ауылдық кеңесінен майданға аттанғанын айтып, ауданымызға хат жолдайды. Ол хатта майдангердің аты-жөні медальонына сай Амир Элугимов деп тұрады. Алайда, аталған ауылдық кеңестен ондай адам майданға аттанбағаны, Әмір Елеусінов ғана бар екені анықталады. Бұл ақпарат ұрпақтарының бірі Батырбек Әміровке 2014 жылы жетеді.

Әмір Елеусінов 1907 жылы Гурьев (Атырау) облысы Теңіз (Құрманғазы) ауданы Өлеңді ауылдық кеңесінің Суықтөбе деген жерінде туған. 1942 жылдың басында Теңіз аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға шақырылып, сол жылы 8 желтоқсанда ұрыс даласында қаза тапқан. Ол жөніде қаралы қағаз келгенімен артында қалған жұбайы, Өлеңді ауылдық кеңесі «Октябрь» колхозының колхозшысы Қанапия Елеусіноваға жетпегендіктен, ұзақ уақыт хабарсыз кеткендер қатарында жүрген. Енді міне, жерленген жері Ленинград облысы, Залуш ауданы, Цемена деревнясының оңтүстік жағы, орман алқабы екені анықталып отыр. «Долина» ізшілдер тобы 2012 жылдың 3-ші шілдесі күні сол жерге жерленген бір топ жауынгердің сүйегін табады. Бұл жерде 1942 жылдың соңы мен 1943 жылдың басында Ленинград майданының 1 екпінді және 11-ші армияларының Рамушев дәлізін қиып тастамақ болған фашистермен кескілескен шайқасы өткен. Осында жерленген 1405 жауынгерлер мен офицерлердің бүгінде 713-інің ғана аты-жөні анықталған. Солардың қатарында біздің атамыздың болғанына шүкіршілік етеміз. Қорым ортасында азат етуші жауынгердің жартылай мүсіні тұр. Кіре берісіндегі постаментте «Т-60» танкінің мұнарасы орнатылған.

Биылғы жылы «Atamnyn amanaty» қоғамдық қорының төрағасы М.Молдағалиев майдангердің ұрпағы Б.Әміровке хат жолдап хабарсыз кеткен атасының табылғаны жайлы мәліметтерді жолдайды. «Артында бар оңалар», дегендей, ұзақ жылғы іздеу осылайша нәтиже беріп, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында жауынгердің қаза тапқан жері нақтыланып отыр. «Атамыздың бір хабарын анықтау алдымызға қойған мақсатымыз еді. Осындай қуанышты хабар көңілімізді көтеріп тастады. Қазір төтенше жағдай уақыты ғой, алға қарай басына барудың да сәті түсер. Ең бастысы хабарсыз кетпегенін, майданда қаза тауып қайда жерленгенін білдік. Сын сағатта ел қорғаған ерлердің рухы алдында басымызды иеміз», дейді Б.Әміров.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521