Ер есімі есте сақталады

(0 Votes)

Құрмаш Рысқалиев ауданымыздан майданға аттанып, соғысқа бастан-аяқ қатысқан жауынгерлердің бірі.

1910 жылы Гурьев (Атырау) облысы Теңіз (Құрманғазы) ауданының Зормата ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1939 жылы Теңіз аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылды. Cоғыстың алғашқы күндерінен бастап майдан шебінде бастан-аяқ жүріп, 1946 жылы ғана елге оралды.

Майдангер жорық жолдарын еске алып: «Сталинградтың от-жалынынан өттім. Қала қирап жатты. Үздіксіз атқылап, бомбаласа да жау қаланы ала алмады. Бір ұрыста неміс генералы бастаған бір топ немісті тұтқынға түсірдік. Командиріміз қирап жатқан қала ішінде генералдан басқасын қажетсінбей атып тастауға бұйырды. Бекіністе жатып оқ атқан мен қарсы алдыңда қарусыз тұрған адамды өлтірген екі түрлі нәрсе. Шабуылға шыққан жау қарулы, сен өлтірмесең, сені өлтіреді. Ал, мына жерде қысқа аязда дірілдеп, өз тілінде бірдеңе айтып жылап қауқарсыз тірі жан тұр. Ол дұшпан болғанымен қаруын тастады ғой. Мына қанды қасапқа еркінен тыс келген де шығар. Алайда, соғыстың аты соғыс, ел тағдыры сынға түскен сәтте жауға аяушылық танытыла бермейді. Сонда да қолым қалтырап, өлтіруге дәтім бармай, командирдің айқайын естіп, әрең аттым. Оған дейін талай мәрте өліммен бетпе-бет келгенде тайсалуды білген емеспін. Үнемі оқ пен оттың арасында жүргеннен кейін адам қорқуды ұмытады. Қауіп-қатерге бойың үйренеді. Үш рет жеңіл жарақат алдым. Бірде қанды шайқаста қасымдағы бес адам өлді. Окопта жалғыз өзім пулеметпен қалдым. Өліктер арасында таңға дейін болдым. Тағы бірде жараланып ұрыс даласында жатқанымда санитар иттер жеткізіпті. Олар адамды алып шығуға үйретілген иттер. Шайқастан соң сол жердегі жараланған жауынгерлерге медбикелерді ертіп барады немесе өздері сүйреп жеткізеді. Есімді жиғаннан кейін сол иттер госпиталға алып келгенін айтты», деп еске алып отыратын. Майдангер 1988 жылы дүниеден өтті.

Елге оралған соң майдангер құдай қосқан қосағы Нәбиямен отбасын құрып,5 ұл, 2 қыз өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары көз қуанышына айналды. Құрмаш Рысқалиев ұзақ жылдар бойы Киров атындағы кеңшарда атақты малшы болып, еңбек етті. Талай мәрте төл алудан алдыңғы қатардан көрініп, ауданның ауыл шаруашылығын өркендетуге үлкен үлес қосты. Еңбектегі ерлігі де еленіп, бірқатар марапаттарды иеленді. Соғыста және одан кейінгі жылдары алған орден-медалдары өңірін жауып тұратын. Өкінішке орай мал шаруашылығында жүргенінде, 1962 жылы киіз үйі өртеніп, барлық құжаттары мен марапаттары бірге жанып кетті. Артында жоқтаушысы бардың аты өшпейді ғой, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында редакциямызға келген ұлы Ахмеден Рысқалиев ұмытыла бастаған майдангер есімін ортамызға оралтып жатыр. Ел қорғаған ерлер қашанда ел есінде сақтала бермек.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521