Энергия тапшылығын болдырмайды

(0 Votes)

Жыл өткен сайын жер шарының халқы көбейіп, энергия көздеріне деген сұраныс та арта түсуде. Сұранысты қамтамасыз ету үшін салынған мыңдаған зауыттар қоршаған ортаға парниктік газдер шығарып, біз тұтынатын ауаны улағанымен қоймай, ғаламдық жылынуға әкеліп соқтырып, экологияны да бүлдіруде. Зауыт салмаса – ел өркендемейді.

Қуат көздеріне жылдан-жылға өскен табиғи сұранысты қалай өтеуге болады? Мұның бір жолы – атом энергиясын пайдалану. Оның көмірге қарағанда көптеген артықшылықтары бар. Сол себепті атом генерациясын дамыту қажеттілігі артып келеді. Қазір бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуға ұмтылуда. Бұған әсіресе дамыған елдер үлкен мән беруде. Бүгінде дүние жүзінде  412 атом реакторы жұмыс істесе, соның 93-і бір ғана АҚШ-та орналасқан. Ал, бізбен салыстырғанда шағын ғана Францияда – 56 атом электр стансалары салынған. Франция өзіне қажетті электр энергиясының шамамен 70% -ын атом электр стансаларында өндіреді. Әртүрлі мемлекеттерде тағы да 58 реактор салынып жатыр. Неліктен бұл елдерде энергия өндірудің бұл түріне артықшылық берілді? 

Біріншіден, атом саласының мамандары қазіргі реакторлардың күшейтілген қауіпсіздік жүйесі бар екенін атап көрсетеді. Үшінші буын реакторлары алдыңғы буындарда болған барлық оқиғаларды ескере отырып жетілдірілген. Әрине, апаттар болған АЭС-тарда 1960-1970 жылдары салынған ескі технологиялар, графит реакторлары қолданылғанын ескеру қажет. Қазіргі уақытта ұсынылып отырған заманауи реакторларды салу кезінде барлық тәжірибе ескеріліп, көптеген қорғаныс және қауіпсіздік жүйелері қарастырылған. Сарапшылардың пікірінше, бұл реакторларда пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелері бар. Атап айтқанда, реактор болат пен бетоннан жасалған қорғаныс қабығының (контайменттің) ішінде орналасқан. Контаймент 8 балдық жер сілкінісіне, су тасқынына төзімді және тіпті 720 км/сағ жылдамдықпен ұшатын 400 тонналық ұшақтың соққы күшіне төтеп бере алады. 

Атом энергетикасы дами бастағаннан бері бейбіт атом біздің өмірімізде маңызды рөл атқарды. Ол өзімен бірге көптеген артықшылықтар әкелгені сөзсіз. Айта кету керек, бұл экологиялық таза энергия көзі болып табылады. АЭС-тің айтарлықтай артықшылықтары бар – үлкен энергия сыйымдылығы, отынды қайта пайдалану, өйткені органикалық отынды жағу кезінде күл мен қож көп қалады. Сондай-ақ экологиялық ерекшеліктер, парниктік газдардың төмендеуі, экономиканың өсуіне әкеледі. Жану үшін қажет дәстүрлі қазба отындарынан айырмашылығы, ядролық реактор атмосфераға зиянды заттарды немесе парниктік газдарды шығармайды. Бұл атом энергиясы климаттың өзгеруіне және қоршаған ортаның ластануына қарсы күресте маңызды құрал екенін білдіреді. Бейбіт атомды пайдаланудың тағы бір маңызды артықшылығы – оның жоғары энергетикалық өнімділігі. Көп энергия алу үшін қажет ядролық отын көлемі дәстүрлі энергия түрлерімен салыстырғанда аз. Демек, атом энергиясының ресурстарын тиімдірек пайдалануға болатынын білдіреді, бұл әсіресе энергияға әлемдік сұраныстың артуы жағдайында маңызды. Сонымен қатар, сенімді энергия көзі болып саналады. Реакторлар отынды ауыстыруды қажет етпестен ұзақ уақыт жұмыс істеп, электр энергиясын жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осының арқасында бейбіт атом елдер мен өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. 

Осыған қоса, бейбіт атомның болашақта тағы бір пайдасы – ядролық синтез, яғни ядролардың бірігуі арқылы энергия алу процесі. Бұл процесс қолданыстағы ядролық реактор технологиясымен салыстырғанда қауіпсіз және экологиялық жағынан таза. Ядролық синтез біздің табиғи ортамызды жоймай-ақ адамзаттың барлық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын шексіз энергия көзі бола алады. Қорытындылай келе, бейбіт атом біздің өмірімізге айтарлықтай әсер етеді деп айтуға болады. Ол экологиялық тазалық, жоғары энергия өнімділігі және сенімділік сияқты көптеген артықшылықтарды ұсынады. Сонымен қатар, ядролық синтездің болашақ перспективалары біздің планетамыздың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз ететін энергияның жаңа дәуіріне әкелуі мүмкін. Су ресурстары да жылдан-жылға азая түсуде. Ертең, электр энергиясынан мұқтаждық көрмесімізге кім кепіл?! «Кісідегінің кілті аспанда», дегендей, сырттан сатып алсақ, арзанға түспейді. Көріп отырсыздар, бейбіт атомды зерттеу мен дамытуды жалғастыру, оның барлық артықшылықтарын күнделікті өмірде пайдалану және қамтамасыз ету – халықтың тұрмысы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін  маңызды. 


Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT