Еңбектің наны тәтті

(2 Votes)

«Әлемнің әміршісі – еңбек», «Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Қай-қай істі бастағанда айқын мақсат пен тәуекелге бел буып, бар күш-қуатыңды соның жолына салсаң, ешқандай еңбектің еш кетпейтінін көпшілігіміз жақсы білеміз. 

Алайда біле тұра көбіне жалқаулық дейтін жаман әдеттің жетегіне еріп кетіп жататынымыз тағы бар. Әйтсе де, алған бетінен қайтпай еңбектің көзін тауып, мол несібеге кенеліп отырған жандардың да аз емес екені көңіл қуантады. Ауданымыздың азаматы Өмірболат Есенғазиев талай жыл мемлекеттік қызметте абыройлы қызмет етті. Бүгінде құрметті еңбек демалысына шықса да, жан тыныштығын ойлап қолын қусырып қарап қалған жайы жоқ. 

Кейіпкеріміз «Амина» шаруа қожалығын 2019 жылы құрып, Құрманғазы несие серіктестігіне мүшелік жарнасын төлеп, мал шаруашылығын, соның ішінде мүйізді ірі қара малын өсіруге білек сыбана кірісті. Несие шарты бойынша малды шет мемлекеттен алу қажет болғандықтан, Ресей Федерациясының Генза облысынан асыл тұқымды қалмақ тұқымдас 50 бас қашар сатып алды. Бұған қосымша шаруа қожалығына қажетті трактор Беларусь-320 тіркемесі, күрек, шөп шабатын орақ, жер жыртатын түрен (клуг), эксковатор қондырғысының орнын толықтырды. Мақаш ауылдық округіне қарасты Қаракөл ауылына жақын жерден жер телімін алып, мал қоралары мен малшының үйін салғызды. Асыл тұқымды екі бас қалмақ тұқымының бұқасы сатып алынды. Ауылшаруашылық министрлігі жанындағы Қалмақ тұқымды ірі қара малының республикалық палатасына тіркеліп, малдың түрлендіру жұмыстарын ғылыми зерделеуінің арқасында 2021 жылы «таза қанды қалмақ тұқымы» деген куәлікті қолына ұстады. Енді малды асылдандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруда.

Өмірболат Өтегенұлының бастамасымен 2020 жылы шаруашылық қосымша егін егу, соның ішінде алма бағын өсіруге жұмыстанып келеді. Көрші Астрахань, Волгоград қалаларының алма өсіретін шаруашылықтарында болып, Волгоград қаласының «Полив» компаниясымен келісімшартқа отырды. Компания алма теректерін, тамшылатып суару қондырғысын өз қаржыларымен алуға, кейіннен 5 жылдан соң шаруа қожалығына қалдыруға келіскен еді. Бірақ елде болған тәжвирус індетінің зардабынан бұл келісім жүзеге аспай қалды.

Шаруақор азамат өткен 2022 жылдың күз айларында шаруашылық учаскесінен жер жыртып дайындап, Ақтөбе қаласынан қоршауға шарнирлік сеткілер, Лесхоздан соқалар, Талдықорған қаласынан тамшылатып суару жүйесін, су жинайтын резервуар, жағадан су айдайтын құрылғы, 250 м.су құбырын сатып алды. Биыл сәуір айында Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тәжірибелі алма бағын өсіру шаруашылығынан 250 түп, 2 жастық көшеттер алып, алманың 4 сортын, қара өріктің 2 сортын, алмұрт, шиені қосып екті. Алма бағын күтіп ұстаумен шаруа қожалығында жұмыс жасайтын бақташы Дәулет Қайназаров, оның жұбайы сауыншы Гүлмира Қуанова айналысады.

Өмірболат Есенғазиев алма өсіруге 3 млн инвестиция салғанын тілге тиек етті. Алма бағының жерін, көлемін өсіруге қосымша жер телімі берілсе, 5 га мөлшерінде ұлғайту жоспарында екен. Осылайша жергілікті жерді өз өнімдерімен қамтамасыз етіп, сырттан келген алмалардың орнын басу мақсаты барын да жасырмады. Айтуынша, суарудың тамшылату технологиясы өте тиімді көрінеді. Осыған мемлекет тарапынан берілетін субсидияға тапсырыс берілсе, мемлекеттік грант алуға қолдау көрсетілсе кәсіптің одан әрі алға дамып, аясы кеңеюіне сеп болар еді.

Иә, шаруа оңайшылықпен алға баспайды. Нағыз еңбектің қазанында қайнап, маңдай термен тапқан нанның тәтті болатыны да содан. Жеке ізденіс пен талпыныстың арқасында Өмірболат ағамыз өсірген дәмді алмасымен ауылдастарының алғысына бөленіп үлгерген жайы бар. Ал, біз еңбектің көзін тапқан нағыз іскер жанның қарекетіне береке тілейміз.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521