Аудан орталығындағы кешкі мектепте Атырау облысы мемлекеттік архиві КММ-нің Құрманғазы аудандық филиалы мен ұрпақтарының ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Қожа Хайырлиевтің туғанына 95 жыл толуына орай жеке тектік құжаттарынан «Ерлікке тағзым ұрпақ парызы» атты көрме-кездесу өтті.
Оған майдангердің ұрпақтары, туыстары, кешкі мектептің әкімшілігі, ардагермен бірге жұмыстас болған адамдар қатысты.
Шараны аудандық архивтің қызметкері Сандуғаш Нәрешова жүргізді.
Аудандық архивтің басшысы Берік Қаменов соғыс және еңбек ардагері Қ.Хайырлиевтің өмір жолымен таныстырып:
– Қожа (Қожаппай) Хайырлиев 1924 жылы желтоқсан айында Теңіз, қазіргі Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1941 жылы соғыс басталған кезде Гурьев облыстық оқу бөлімінде сегіз айлық, 5-7 сыныптарға тарих пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді даярлайтын курсты бітіріп, Калинин атындағы бастауыш мектепке меңгеруші болып тағайындалады. 1942 жылы тамыз айында 18 жасқа толғаннан кейін Кеңес армиясы қатарына шақырылып, бір айдай жаттығу-дайындықта болып, қазан айында 293 атқыштар дивизиясының 1036 атқыштар полкінің құрамында майданға аттанады. Майданнан келгеннен кейін 1944-1946 жылдары Морской селолық кеңесіне қарасты Пионер жеті жылдық мектебінде география-тарих пәндерінен сабақ беріп, кейіннен оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады, - деп шара кейіпкерінің 1946-1963 жылдар аралығында Пионер, Ленин, Ганюшкин мектеп жатақханасында директор, Теңіз аудандық партия комитетінің ағарту ісі жөніндегі меңгерушісі, 1963 жылдың қыркүйегінен бастап аудандық кешкі мектептің директоры қызметтерін абыроймен атқарғанына тоқталды.
Майдангер «Отан соғысы» орденінің, «Сталинградты қорғауға қатысқаны үшін», «Ерлігі үшін», Жеңістің әр жылдардағы мерекелік медалдардың, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің және басқа марапаттардың иесі екенін, жұбайы Меңсұлу Қадырғалиқызымен өнегелі ұл-қыз өсіріп, үлгілі отбасы болғанын атап өтті.
Қ.Хайырлиевтің құдағайы Айсұлу әжей ол кісі жайлы жылы лебізін жеткізсе, кешкі мектепте бірге жұмыс жасаған ардагер ұстаздар Мәру Сапарова, Иса Қараменов өткен күндерден әңгіме қозғап, қызықты сәттерді ортаға оралтты.
Тебірене сөйлеген үлкендеріміздің айтынша Қожа ағамыз қарапайым, ешқашан дауыс көтеріп айқайламайтын, қарауындағы адамдарды сыйлай білетін, адамгершілігі мол асыл жан болған. Осындай қасиеттерімен текті тұлға ретінде жүректерінен мәңгілікке орын алған.
Кешкі мектептің директоры Мүлкат Менсейітова өз сөзінде аталған білім ордасының аудан бойынша 12 бөлімшесі, 65 ұстазы, 670 оқушысы барынан, қазіргі жағдайда оларға кәсіптік бағдар беріліп жатқанынан хабардар етті. Өздерінен бітірген шәкірттердің кейбірі бүгінде жоғары қызметте жүргендерін мақтан тұтатындарын жеткізді.
Ардагер ұстаз Рита Өтепқалиева осындай шара ұйымдастырып жатырғаны үшін аудандық архив ұжымы мен кездесу кейіпкерінің ұрпақтарына ризашылығын білдірді. Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері Қожа Хайырлиевтің ұрпақтары атынан ұлы Болат Қожаұлы сөйлеп, әкесі 1944 жылы ауыр жараланғаннан кейін елге оралып еңбек еткеніне қысқаша тоқталып, шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Елі барда ер есімі өшпейтінін тағы бір дәлелдеген кездесуді аудандық архивтің басшысы Берік Қаменов қорытындылады.
Қанат ҒҰМАРОВ