Екпенің кері әсері байқалмады

(0 Votes)

Кейінгі уақыттарда коронавирустық инфекция жұқтырған науқастар саны көбейіп, облысымыз «қызыл аймақтан» бірнеше апта бойы шыға алмай келеді.

Өз ауданымызда да қауіпті ауруға жаңадан шалдыққандар қатары күн санап арта түсуде. Сонымен қатар, антиденеге төзімділігі жоғары үнді штамының біздің аймаққа да жетуі үлкен алаңдаушылық туғызуда. Соған сай, әлемдің деңгейдегі медицина мамандарымен бірге отандық дәрігерлер де бұл үнділік штамның қауіптілігін, аса жұқпалы екендігін айтып, аса сақ болуды ескертіп отыр. Олар бірауыздан бұл аурумен ауыратын науқас әдеттегі коронавирустық инфекциядай 3-4 адамға емес, бірден 5-6 адамға жұқтыратынын айтады. Әрі ауру белгілері тез білінетін көрінеді. Бұл «дельта» штамының белгісі суық тию симптомдарына ұқсас келеді, адамда бас ауруы, тұмау, ангина, жоғары температура болады. Ал, бұрынғы коронавирусқа қарағанда иіс сезу қабілеті жоғалмайды, жөтел болмайды екен. Осы ретте әрбір адам өз денсаулығы мен жақындарының өміріне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарағаны жөн деп ойлаймын.

Коронавирустың жаңа мутацияланған түрлерінен сақтану үшін вакцина алу керек деп шештім. Індетті жеңу тек ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы мүмкін болатынын да жақсы білетінмін. Бойымда созылмалы дертім болғандықтан аз-кем жүрексініп жүретінмін, алайда денсаулығымды ойлап аудандық емханадан «Спутник-В» вакцинасының бірінші компонентін алдым. Ешқандай кері әсерін байқамадым, қалыпты жағдай ретінде өтті. Емханадағы медицина қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстары, екпе жасауы, одан кейінгі жарты сағаттай жағдайды өз бақылауында ұстап отырулары көңілімнен шықты. Қазіргі таңда біраз әлем елдеріне қарасақ, ол жақтағы эпидахуалдың ауыр күйде екендігін көреміз. Біз де солардың қатарында болғанымызды қаламасақ, ауылдастарыма екпе алудан қашпайық дегім келеді. Бұл індеттен екпе алу арқылы ғана қорғана аламыз. Вакцина алуды өзімізді ғана емес, ағайын-туысымызды да сақтандырамыз деп түсінуіміз керек. Әрине, қауіпсіздік шараларын ұмытпай, вирус таралуының алдын алу мақсатында бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету сияқты барлық профилактикалық шараны қатаң орындауымыз қажет. Сонда ғана қауіп төндірген індеттен құтылып, қалыпты өмірімізге қайта оралатын боламыз.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521