Екпе алмаудың кесірі бала өліміне себеп болады

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысын төраға орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Карсакова жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды.

Мәжілісте қоғамның өткір мәселелері қаралып, кеңінен талқыға түсті. «Құрманғазы ауданында әйелдер жұмыссыздығын азайту жөніндегі іс-шаралар» туралы аудандық мансап орталығының бас маманы Базарбай Өтеулиев хабарлама жасады. – 2023 жыл ішінде мансап орталығының қызметіне жүгінген 4435 адамның 1582-і әйел болды. Ал, биылғы үш айда орталыққа келген 1188 жұмыссыздың 463-ін нәзік жандылар құрайды. 2024 жылдың алғашқы тоқсанында тіркеуде қалған 767 әйел адамның 85-і яғни 11,3 пайызы – жоғары білімді, 271-і немесе 25,7 пайызы – арнаулы және кәсіптік орта білімді, қалған 411-інде немесе 53,5 пайызында ешқандай мамандығы жоқ. Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 721 адам қамтылса, оның 336-ы – әйелдер – дей келе, хабарламашы аудан бойынша әйелдер жұмыссыздығын азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Комиссия мүшесі Гүлжанат Қалиева мәслихат депутаты ретінде орталықтың жұмысына зерделеу жүргізіліп жатқанын қаперге беріп, көптеген сын-ескертпелерді жасырмай ортаға салды. Комиссия мүшелері Балғаным Хасенова, Гүлжанат Ғаділханқызы толғандырған сұрақтарын қойды. «Әйелдер жұмыссыздығы проблемасы – қоғамның әлеуметтік дамуының ең сезімтал көрсеткіші. Мемлекет қабылдайтын шаралардың кең ауқымына қарамастан, елімізде әйелдер жұмыссыздығының деңгейі жоғары болып отыр. Аталған проблеманы шешу, мемлекеттік қолдау шараларын халыққа түсіндіру, ақпараттандыру – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі» деп атап өтті Зәмзагүл Оңдасынқызы. «Балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілікке тәрбиелеу саласындағы жұмыстың басымдықтары» жөнінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Клара Ермұханова баяндады. Ауданымызда орын алған кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, суицид мәселелеріне назар аударылып, хабарламашыдан оны алдағы уақытта болдырмау бойынша атқарылып жатқан профилактикалық шаралар сұралды. «Тәрбиенің қайнар бұлағы отбасынан басталатыны белгілі. Мұның, әсіресе, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы өте зор. Комиссия жұмысы – гендерлік теңдік мәселесін ғана емес, отбасылық саясатты да қамтиды. Бұл тақырып – біз үшін қашанда ерекше назарда болуға тиіс. Жас ұрпақты рухани құндылықтар негізінде тәрбиелеу – заман талабы. Себебі ертең қандай қоғам құратынымыз бүгінгі балалар тәрбиесіне байланысты. Болашақ қоғамның білімі мен рухани деңгейі, еңбекқорлығы мен дамуы – барлығы да осыған келіп тіреледі» деп мәселені түйіндеген Зәмзагүл Карсакова бұған қоғам болып бірлесе атсалысудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе «Ана мен бала өлімінің алдын алу, ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша атқарылған жұмыстар» туралы аудандық орталық аурухананың бала дәрігері Света Олжабаеваның хабарламасы тыңдалды.

– Ауданымызда жүкті әйелдер мен жаңа туған сәбиге стационарлық көмек орталық аурухананың 28 орындық перзентхана бөлімшесі арқылы көрсетіледі. Онда 2 акушер-гинеколог дәрігер, 1 неонатолог дәрігер, 6 акушер, 6 медбике, 9 тазалықшы жұмыс жасайды. Жүкті және босанушы ана мен жаңа туған сәбиге толық жан-жақты медициналық қызмет көрсетуге арналған жағдай жасалып, медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген.

2023 жылы 1 жасқа дейінгі 9 бала қайтыс болды. Атырау облыстық перинаталды орталықта туылып, өзінің аурулық себебі бойынша 5 нәресте, облыстық ауруханада ем алып, пневмония, көкжөтелмен ауырған 2 сәби және үйден (Құрманғазы және Теңіз ауылынан) 2 бала шетінеді. Салыстырмалы кезеңде ауданымыз бойынша ана өлімі тіркелген жоқ. 2023 жылдың қорытындысымен 20 науқас бала Атырау қаласына ұшақпенен, 14-і санитарлы авиацияның реанимобилімен жеткізілді - дей келе, хабарламашы екпе алмау себебінен 1 жасқа дейінгі балалар арасында өлім орын алып отырғанын жеткізді. Екпеге немқұрайлылық танытып, оны алудан бас тартып отырған Ақкөл ауылында 146 адам болса, Құрманғазы ауылында да 100-ден аса отбасы бар. Яғни, бүгінгі таңда түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасалмаған балалардың саны артпаса, кемімей отыр. Бұл мәселенің уақыт өткен сайын күрделеніп бара жатқанына аудандағы дәрігерлер алаңдаулы. Инфекциялық аурулардың алдын алатын екпеден ата-аналар ат тонын ала қашатын әдет тапқан. Оған түрлі себеп бар. Басым көпшілігі діни сенімдеріне байланысты. Отырыста бұл тақырып кеңінен талқыланып, комиссия мүшелерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, хаттамаға енгізілді. Мәжілісте күн тәртібіне сай өзге де мәселелер қаралғаннан кейін төраға орынбасары Зәмзагүл Оңдасынқызы қорытындылады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT