Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәруіндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауында қоршаған ортаны қорғау және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы туралы айтқан бастамаларын үлкен қуанышпен қабылдадым. Бұл – әр азаматқа туған жеріне, табиғатына жанашырлықпен қараудың нақты үлгісі. Біздің аудан жастары да осы жұмысқа белсенді атсалысып келеді: сенбіліктерге шығып, ағаш отырғызып, ауыл-аймақтың тазалығына үлес қосудамыз.
Тазалық мәдениетін қалыптастыруды мектептен бастау туралы ұсыныс өте орынды. Себебі бала жасынан табиғатты қорғаудың маңызын сезінсе, ол оның өмірлік қағидасына айналады. Сондай-ақ экологиялық ағарту ісіне жаңа технологияларды да қосу қажет деп ойлаймын.
Президент атап өткен жоғары технологияға инвестиция тарту бастамасы да жастарға үлкен мүмкіндік береді. Бұл экологиямен қатар, «жасыл экономикаға» жол ашады. Болашақта еліміздің әр өңірінде заманауи, экологиялық тиімді жобалар жүзеге асып, Қазақстан шын мәнінде жасыл әрі озық елге айналарына сенемін.
Қайыржан Бауыржанұлы, белсенді жас