«Жер бетінде өзгенің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап қолынан келгенше көмектесуге әзір тұратын қайырымды адамдар болмаса, құдай қатыгездікке толы мына әлемді баяғыда жоқ қылар еді», деген сөз бар.
Шынымен де жүздерінен нұр төгіліп, басқаларға бақыт сыйлап жүретін адамдар аз емес. Мына әлемнің көркі де, тірегі де осындай ақ жүректілер. Солардың бірі де, бірегейі де «Харекет» қайырымдылық қоры. Ешқандай ақы алмай қызмет атқаратын қор еріктілері мен оларға қолдау көрсететін қайырымды жандар. Олар қорға жинаған қаржы арқылы баспанаға мұқтаж талай отбасы үй алды. Осындай игі істерімен еріктілер елдің ықыласына бөленіп жүр. Жақында «Харекет» қайырымдылық қорының 8 жылдығына орай Атырау қаласында рухани кеш ұйымдастырылды. Оның аясында тағы да 7 отбасы баспаналы болса, соның екеуі құрманғазылықтар.

Қор арқылы ауданымыздан 7 бала тәрбиелеп отырған, жолдасы lll топ мүгедегі Мереке Құмаровқа №1557-ші баспананың сертификаты табыс етілді. № 1561 баспана сертификаты 4 балалы, жалғыз басты ана Жұпар Мүтиеваға тиді. Аталған жерлестеріміз жақында қоныс тойын тойлайды. Олардың жеке баспаналы болуларына жағдай жасап, қуаныш сыйлаған «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілеріне жасаған жақсылықтарыңыз алдарыңыздан шықсын, Алла еселеп қайтарсын дейміз.
Қанат ҒҰМАРОВ


