«Егін ексең ерінбей...»

(0 Votes)

Иә, диқаншылықты кәсіп етіп, нәсібіме айналдырғандықтан «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық мақалын осылай сәл бұрмалай жеткізсем орынсыз бола қоймас, сірә.

Егіншілкті дамыту бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Аталған сала өркендесе өңіріміздің, тұтастай еліміздің экономикасына қосар үлесі орасан. Ауданымызда ауыл шаруашылығына үлкен реформасын ала келген еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап егіншілікке ерекше ден қойылды. Өзім де диқаншық кәсіпке осы тұстарда келдім. Негізгі мамандығым ауыл шаруашылығының малды қолдан ұрықтандыру саласы, еңбек еткен жылдарымда біліктілігімді жетілдіру мақсатында екі рет Мәскеуге бүкілодақтық семинар-кеңеске қатысып қайттым. Киров атындағы кеңшарды жекешелендірген соң 1992-97 жылдар аралығында оның ізінде құрылған «Еңбек», «Жасарал» шағын кәсіпорындарында директорлық қызметтер атқардым. Кеңестік шаруашылық жүргізудің таптаурын жолымен емес, жаңаша өзгерістің, нарықтық қатынастың талабын түсінбедік пе бастаған ісіміз өзіміз ойлағандай жүре қоймады. Алдан сан қиындықтар кездесті. Осы кезеңде бұрындары кеңшарда есепші, Киров жұмысшылар кооперативінде сатушы болған зайыбым Күләнда Ұзағалиева өз атағына шаруа қожалығын ашып, іс бастаған еді. Жекенің аты жеке ғой, оның бау-бақша егумен айналысатын кәсібі дөңгеленіп жүре берді. Тарам-тарам аралдарға бөлініп, жан-жағынан суға толып тұратын біздің өңіріміз сол кезеңдерде егін салуға табиғи жағынан аса қолайлы еді.

Жеріміз қара топырақты құнарлы аймаққа жатпаса да, біраз дақылдар жерсіне кетіп, мол өнімін беріп отырды. Ойлана келе, 1998 жылы «К.Ұзағалиева» шаруа қожалығына ауысып алдым, оған еш арланбадым да, өкінбедім де. Керісінше, ерінбей баптай білсең жердің осыншама жомарт екенін, ырыздығы мен нәпақасын аямай беретінін жақсы түсіндім. Ерте көктемде сепкен дәніміз көктей жөнеліп, жазда тегене-тегенедей қауын-қарбызымыз, самсап өскен қияр-қызаңымыз мол ырысқа кенелдірді. Картоп, сәбіз, қырыққабат сияқты басқа да дәнді-дақылдарымыз да табысымызды молайтты. Егіннен алынатын жеңсік өнімдерімен тұрғындардың сұранысын қара күзге дейін қанағаттандырып, алғысқа бөленген кездеріміз көп. Атағымыз алысқа жетіп, облыстан бермен қарайғы марапат-мадақтың, атақтың біразын осы егіншілік кәсіп арқылы еншілегінімізді үлкен абырой көремін. Егін шаруашылығымен ерінбей айналысып жүрген әріптестеріміз жайлы да айтпай кетпей болмас. Асылбек Еділбаев деген өте еңбекқор жігітті ерекше атап өткім келеді. Оқыған мамандығы оқытушылық, өскен ортасы да ауыл тұрмысына бейім деуге келіңкіремейді. Бірақ, біраз жылдардан бері, дәлірек айтсам 2006 жылдан диқаншылықты кәсіпті жақсы игеріп кетті.

Алғашында 1 гектар жерге сәбіз егуден бастаған ол егістік алқабын кеңейтіп, бау-бақшаның, дәнді-дақылдың сан түрін ауыл тұрғындарына ұсынып келеді. Жеткен жетістіктері көп, жаңашылдыққа, еңбек тиімділігіне баса назар аударады. Ауданда алғашқылардың бірі болып тамшылатып суғару әдісін енгізді. Сондай-ақ, Орлыдан Тоқтар Өтековті, Теңізден Теміртас Сұлтанғалиевті, Дәшіннен Ғаллам Дәнкеновті жұрт жақсы біледі, өсірген өнімдеріне сұранысы өз алдына, аула ішіне азын-шоғын егін салатындарға жас өскін(рассада) сатуды жақсы жолға қойды. Әлдекімдерге жеңілдеу көрінгенімен машақаты көп егіншілік кәсіптің ыстық-суығына төзіп келеді. Иә, егін егу қыруар еңбекті, асқан төзімділікті қажет етеді. Ерте көктемде басталған күйбең тірлігің қара күзге дейін жалғасады. Дәніңді себесің, уақытымен суғарасың, тыңайтқыштармен демдейсің, арам шөбін жұласың, түрлі зиянкестерден, түйнек салған шақта құстардан қорғайсың, осылай жалғасатын жұмыстар бас көтертпейді. Тірнектеп тырбынып жүріп еккен егінің еңбегіңнің есесін қайтарса игі. Өсірудің артында оны тиімді бағаңа өткізу тұр, өзге өңірлерден тасымалданатын өнімдермен бәсекелестікке түсесің. Ол үшін тауарың талапқа сай, еш нитратты қоспасыз, тіл үйірер табиғи дәмді болуы шарт. Сонда ғана сөреде сарғайып жатпайды. Жиын-теріннің өзі қыруар еңбекті күшін қажет етеді. Қазіргідей қолдап жұмыс істейтіндердің қатары сиреген тұста маусымдық қызметке адам тартудың өзі қиямет-қайым екенін жасыра алмаймын. Қысқы кезеңде де арқаны кеңге салып жүру дегенің жоқ. Егістік алқабын бұрынғы шөп-шаламнан тазартып, төселген тамшылатып суғару құбырларын жинап, өзің демалмасаң да нәпақасын тосып отырған жеріңнің тыныстап тыңаюына әрекет қыласың. Мінекей, біздің тірлік осындай. Қалай дегенмен де егіншілік кәсібімнен ерекше ләззат аламын. Осының бәрі, қалаған тірлігіңмен айналысуыңа еркіндік берген Тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда жомарт жер-ананың төсін еселі еңбегімізбен емген беймарал тірілігіміз жалғаса бергей!

Елбасымыз да ауылдың әлеуетін арттыруға баса көңіл бөліп отырды. Соған сай, елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тарту бағытында мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бағыттауға тапсырма берілді. Халық тұтынатын азық-түліктің сапалылығы – ұлт денсаулығының кепілі екенін атап өтіп, өз жерімізде ешбір қоспасыз таза өнім өндірушілерді қолдағау білдіруді тапсырды. Сондықтан, Елбасының ауылды көтеруге бағытталған сындарлы саясатының арқасында егін шаруашылығы жаңаша қарқын алды.

 

Уазих ДӘУЛЕТОВ, егінші, Жаңаталап ауылдық округі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521