ЕҢБЕК ЕТКЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс екенін айтты...

«Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деді Президент.

Осы орайда, біз жас та болса адал еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп отырған Құрманғазы ауылының тұрғыны Занурия Нұрболқызы турасында әңгіме өрбіткенді жөн көрдік. Бүгінде ол жасы жиырмаға жете қоймаса да, бес жұмысты бірдей алып жүр. Жуырда ол әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазба көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыға түсті.

Бейнежазбаның астына желі қолданушылары жүздеген пікір қалдырып жатыр. Көбісі жас қыздың осыншама тығыз жұмыс кестесіне таңқалуда. Біреулер оған қолдау танытып жазба қалдырса, енді бірі денсаулығына зиян келе ме деп алаңдаушылық білдіруде. Расымен де, жас та болса еңбекке деген зор құлшынысымен жұртты тәнті еткен құрманғазылық қыз аз уақытта желі жұлдызына айналды десек те болады.

Сонымен, оның бір күні қалай өтеді? Таңғы сағат 7.30-дан 11.30-ға дейін ол жергілікті мектепте бастауыш сыныпқа сабақ береді. Мұны облыстық білім беру басқармасындағылар да растап отыр. Тіпті, сағат 12.00-14.00 аралығында репетитор болып та қосымша табыс табады екен.

Ал, сағат 15.00-16.00 аралығында балаларға арналған би үйірмесінде хореограф болып жұмыс жасайды. Содан кешкі сағат 18.00-ге дейін оқу орталығында орыс тілінен дәріс береді. Сондай-ақ, сағат 21.00-ден бастап тойларда би ансамблінде мың бұрала билеп те үлгереді. Осыған енді әлеуметтік желдіегі белсенділігін қосыңыз! Өйткені, желідегі жеке парақшаны жүргізудің өзі көп уақыт пен шыдамдылықты талап етеді ғой.

Занурия колледже педагог мамандығы бойынша білім алғанын айтады. Ол басқалардың көп еңбек етіп мол табыс табуға шақыратын бейнежазбаларын көре отырып, өзінің де күнделікті өмірін желіге жүктегенді жөн көріпті.

– Мен бала кезімнен анама көмектесіп, тойларға биші болып шығып келемін. Өзім ақ адал еңбек етіп, аз-мұз ақша тапқанды құп көремін. Ең бастысы, ұйқы режимін бұзып алмау керек. Сол сияқты, жақын адамдармен және достармен араласып тұруға да уақыт тапқан жөн. Желіде талқыға түскен бейнежазбаға тоқталсам, мектептегі қызметім – менің ең негізгі жұмысым. Яғни, бірінші сынып оқушыларына сабақ беремін. Сондай-ақ, би үйірмесінде тікелей балалармен жұмыс жасаймын. Маған бұл қатты ұнайды. Сонымен бірге, орталықта орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етемін. Кейде тойларға барып, би билейтін де өнерім бар. Менің арман-мақсаттарым өте көп. Мәселен, анаммен бірге әлемнің түкпір-түкпірін аралап, саяхаттағым келеді

«Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады. Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді» деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында. Ендеше, мен де осы сөздерден рухани қуат алып, елімнің ертеңі үшін аянбай адал еңбек еткім келеді, - дейді ол.

Әділет ҚАНАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT