Еңбекпен шыңдалған ақсақал

(0 Votes)

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар», дейді, бірақ, аузы дуалы, кейінгіге айтары мол, өмір жолы өнеге болар ақсақалдарымыз  бен аналарымыз бір үйдің емес, ауданның, халықтың ортақ  қазынасы десек артықтық етпейді.

Оларға қарап жастарымыз бой түзесе, отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиеленеді. Осындай абзал азамат хиуаздық Елжан Нәжиев ағамыз тыл ардагері. Аздаған ақпаратпен таныстыра кетейік.

«Қазақстан» ұжымшарында туып-өскен, бүгінде 85 жасқа толып отырған  ақсақал  соғысқа кеткен ер-азаматтардың орынын жоқтатпаған. Бойы өсіп, бұғанасы қатпаған  6 жасынан бастап еңбекке араласқан. Ұжымшарда жұмыс жасаған анасының қасына еріп, мектепке  барғанға дейін  ау тартып, пішен жинауға көмектескен.1944 жылы ұжымшар егін салады. Ол кезде оған су айдайтын мотор болмаған соң, атпен шығарды айналдырып, егінге су құяды. Егіннің басында жұмыс  істейтін анасы: «Шығарға бар, ат тұрып қалмасын. Онда егінге су жүрмейді» деп томпылдап кешке дейін қасында жүретін ұлын соған жұмсайды. Ұлы болса ойынды жайына тастап анасының айтқанын орындайды.  Сәл өскенде ау тартқандарға  балық шығаруға көмектесуге баратын болған. Мектепте  оқитын 5-6 баламен бір қайыққа ау, екіншісіне балық салып су маржанын сүзді. Түскен олжаларын «Қазақстан» кеңшарындағы батағаға  тапсырды. Осындай қиындықтарды басынан өткізіп, анасына қолғанат болып, күнін көріп шыңдалып өскен 18 жасар бозбала кейін теңізден балық аулайтын мекеменің қалқымалы зауытына жұмысқа орналасады. Балық салатын тюрем басшысының көмекшісі қызметінде  жүргенде әскерге шақырылады. Отан алдындағы борышын 1957-1960 жылдары әскери-теңіз флотында өтейді.  Әскерден оралған соң да ол жерде бір жыл еңбек етіп, кешкі мектепті бітіреді. Кейін  теміржолдың контейнер алаңында  краншы болған. Күндіз жұмыс жасап, кешке оқып, 6 айлық жүргізушілер курсын бітіріп, куәлік алған. Қаладағы қолөнер училищесінде 6 ай істегеннен кейін, 1962 жылы «Киров» кеңшары құрылғанда, жұмысқа шақыртады. Кеңшарда 10 жыл жүргізуші болып жұмыс жасайды. Еті тірі жігіт  жүргізуші бола жүріп Гурьев ауыл шаруашылығы техникумының механикалық факультетін сырттай оқып,1968 жылы бітірді. Сол жылдан бастап кеңшарда механик, трактор бригадасының бригадирі, машина шаруашылығының  меңгерушісі сынды еңбек жолдарын абыроймен жүріп өтеді. Соңғысында  жұмыс жасағанда  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жолдамасымен Алматы ауылшаруашылығы институтының  механикалық факультетіне оқуға жіберілді. Содан кейін осы кеңшарда 18 жыл жұмыс жасайды. Одан соң инженер болып 22 жыл еңбек етіп, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазбек» шаруа қожалығын құрды.
Еңбек ардагерін арнайы барып құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызы:

– Жақында ғана Қариялар күнін атап өттік. Осы ауылдың үлкені ретінде Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Мұхамеджанұлы, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Гүлнар Нуриқызымен бірге сізге кіріп шыққанды жөн көрдік. Апай екеуіңізге зор денсаулық тілейміз. Отбастарыңызда  көрінген ұрпақтарыңыз  аман болсын. Еңбек жолыңыз көпке үлгі. Қатарлары азайып келе жатырған үлкендерімізді көзіміздің қарашығындай қадірлеу, оларды өзімізден кейінгі ұрпақтарға, аудан жастарына үлгі ету біздің міндетіміз, -деді ізгі тілегін жеткізіп.

Көрсетіліп жатырған құрметке ризашылығын білдірген Елжан Нәжиев ақсақал:

– Алла Тағала «Сыйласаңдар кәріңді жарылқармын бәріңді», деп айтқан ғой. Құрметтерің Алладан қайтсын шырақтарым. Төрт қабырғаға қарап отырғаныммен жағдайым жаман емес. Өткен мерекеде ауданнан Алғыс хатта алдым. Жеке шаруашылығымды 1997 жылы құрдым, содан бері ұстап келемін. Мақтанғаным емес, бүгінде қолымда бір шағын ұжымшардың малы мен техникасы бар. Соның бәрін адал еңбекпен жинадым. Малдан төл алып, оны шаруашылығымның қажетіне жұмсаймын. Алты бірдей балам бар, төртеуі қалада, екеуі ауылда. Кіші балам Әлібек қолымда, Сағынбек Құрманғазы ауылында тұрады, төрт қызым тұрмыста, Атырауда. Бар дүниені балаларым әкенің мұрасын шашу шығармай өз күндерін көретін дәрежеге жетсін деп жинадым ғой.  1997 жылы жер алып, шаруашылығымды бастағанда бар-жоғы  5 сиыр, тоғыз қой, 1 «Москвич» пен «Уаз» автокөлігі  ғана болды. Бастапқыда 5 жылға дейін көп қиындық көрдім. Көмектесетін адам жоқ, кеңшардың техникалары әркімнің қолында кетті. Сол қиындықтармен арпалыса  жүріп, малды өсіріп, артылғанын мемлекетке тапсырып, бала-шағамды асырап, қажетті техникалар  алдым. 2014 жылы ауырдым. Содан бері дәрігердің бақылауындамын. Шаруа қожалығын  балама тапсырғанмын, бұл жұмыспен сол айналысуда. Қазір 85-ке келдім, - деді.

Шаңырақтың отанасы Айман апай азаматына көрсетіліп жатырған құрметке шынайы ризашылығын жеткізіп, қонақтарын ақ ауыз тиюге шақырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521