Пекиндегі Қазақстанның Мәдениет орталығының ашылу салтанатында бүлдіршіндердің домбыра тартып, қазақ және қытай шығармаларын орындауы біз үшін зор қуаныш болды. 5-10 жас аралығындағы балалардың ұлттық аспабымызды меңгеруі – халқымыздың рухани мұрасы шекарадан асып, жас ұрпақ жүрегінде жаңғырып жатқанын көрсетеді.
Құрманғазының күйлерімен баршаға танылған біздің ауданымыз үшін мұндай жаңалық ерекше әсерлі. Жас домбырашылардың өнерін көріп, ұлттық рухымыздың әрдайым биік боларына сенім арта түсеміз. Әсіресе, Люй Цзышин сияқты дарынды балалардың домбыраны жанымен түсініп, үлкен шабытпен ойнауы бізді қатты қуантады.
Бұл шара – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстың артуына және қазақ халқының қастерлі аспабы – домбыраны әлемге танытуға үлкен үлес қосады деп есептеймін.
Балғаным Хасенова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз